Ақтөбе облысында алаяқтардың схемасы әшкереленді

30.07.2026 15:43

Топ құрамында 10-нан астам адам болған

Елде интернет-алаяқтарға қызмет көрсеткен дропперлердің қылмыстық жолы кесілді. Күдіктілер Ақтөбе облысында азаматтардан ұрланған қаражатты қабылдап, оны конвертациялау мен заңдастырудың тұрақты схемасын ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Топ құрамында 10-нан астам адам болған, ал әккі әрекетті іске асыруға 150-ден астам дроппер тартылыпты. Олар банк қосымшалары мен криптоәмияндар орнатылған ұялы телефондарды пайдаланып, дропперлердің шоттарын қашықтан басқарған және қаржылық операцияларды олардың қатысуынсыз жүргізген. Қазірге дейін еліміздің 16 өңірінен 80 жәбірленуші анықталды. Келтірілген шығын 120 млн теңгеден асқан. Қылмыстық топтың 8 мүшесі қамауға алынып, тағы 2 күдікті үйқамаққа жіберілді.

«Блокчейн-талдау құралдарының көмегімен жымқырылған қаражатты заңдастырудың толық схемасы қалпына келтірілді. Алдымен жәбірленушілердің ақшалай қаражаты транзиттік банктік шоттар арқылы өткізіліп, кейін бақылаудағы дропперлердің шоттарына аударылған. Одан кейін қаражат криптовалюта платформасына жіберіліп, онда USDT цифрлық активтерін сатып алуға пайдаланылған», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отырыңыз: Жарты жылда 36 мыңға жуық жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды