Өзенге құлап кеткен баланы табу үшін тікұшақ, дрондар мен сүңгуірлер жұмылдырылды
Ақтөбе облысында 29 наурыздан бері хабар-ошарсыз кеткен 10 жастағы Мансұр Саматовты іздестіру жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Жеткіншек Сарыжар ауылындағы үйінен достарымен бірге велосипедпен шығып, Ілек өзенінің жағасына барған. Куәгерлердің айтуынша, ойын кезінде Мансұр абайсызда тайып кетіп, суға құлаған. Содан бері жүздеген адам — құтқарушылар, полицейлер мен еріктілер баланың ізін іздеуде, - деп хабарлайды Almaty.tv.
«Балалар қараусыз ойнауға шыққан. Көктемгі уақыт қой, өзен жағасында ойнап жүргенде бала тайып кетіп, оны ағыс алып кеткен. Үшеуі мұнда велосипедпен келіпті. Достары көмектеспек болған, бірақ қолдарынан келмеген соң ауылға жүгіріп барған», – деді Сарыжар ауылының тұрғыны Бақытжан Мұлқаев.
Іздестіру шаралары күн де, түн де де үздіксіз жүргізілуде. Қазіргі таңда өзен жағалауының 20 шақырымы жаяу қаралып, катерлермен Ілек өзенінің 45 шақырымға жуық бөлігі, тіпті көршілес Саржансай ауылына дейін тексерілді. Сүңгуірлер су түбін зерттеп жатса, әуеден дрондар мен тікұшақ жұмылдырылған.
«Іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлері, құтқарушылар, оның ішінде сүңгуірлер мен арнайы техникалар тартылды. Бұл іске жергілікті халық та белсене атсалысуда. Іздеу шаралары нәтиже шыққанша жалғасады», – деді Мәртөк аудандық полиция бөлімінің басшысы Мұрат Омарғалиев.
Мамандар көктемгі су тасқыны кезінде өзен ағысының қатты екенін ескертіп, ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бей-жай қарамауға шақырады. Қазіргі уақытта іздеу тобының саны мен техникалық мүмкіндіктері барынша арттырылған.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы