Ақтөбеде биыл қызметтік иттердің көмегімен 160-тан аса қылмыс ашылды

19.08.2026 16:41

Қаладағы кинологиялық орталықта осындай 30-дан аса төрт аяқты күнделікті жаттығудан өтеді

Ақтөбеде жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен 160-тан аса қылмыстың беті ашылды. Иісшіл төрт аяқтылар полицейлерге жоғалған азаматтарды іздеуге және есірткіні анықтауға көмектесіп жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Із кесуші иттер ант қабылдап, шен алмайды. Алайда тәртіп сақшыларымен бірдей қоғамда қауіпсіздікті торып, ел үшін қызмет етеді. Бірі есірткі мен жарылғыш заттарды іздеп, қылмыскерлердің жолын кессе, енді бірі жоғалған адамдарды табады. Ал кейбірі күдіктіні тек иісі арқылы анықтауға дағдыланады. Ақтөбедегі кинологиялық орталықта осындай 30-дан аса төрт аяқты күнделікті жаттығудан өтеді. 

Ал бұл – Барон есімді неміс төбеті. Орталықтағы қызметте ең үздік иттердің бірі саналатын ол есірткі іздеуге машықтанған. Өткен жылы республикалық жарыста бірінші орын алыпты. Иісшіл ит иесі Ислам Қуанышпен бірге қызмет етіп жүргеніне 3 жыл болған. Кинолог төбетін күшік кезінен баптағанын айтады.

«Барон біраз қылмыстарды ашты. Біраз жұмыс істеп келе жатырмыз.  Ол – республикалық чемпион. Баронның қасиеттері өте жақсы. Мысалы, адамдарға өте жақсы көреді, тиіспейді адамдарға. Балалармен де ойнайды», – деді Ақтөбе облыстық Полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының кіші инспекторы Ислам Қуаныш.

Кинолог мамандар әр итпен бірнеше жыл жұмыс істейді. Кішкентайынан жаттықтырады, қызметте серігіне айналады. Алайда «жақсы ит - иесінің көзі мен құлағы» демекші, олармен қоштасу да оңайға соқпайды.

«Кинолог жұмысқа келгенде оған қызметтік ит бекітіледі. Олардың арасында сенім пайда болып, байланыс орнауы керек. Әйтпесе ит иесіне бағынбайды», – деді Ақтөбе облыстық Полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының аға инспекторы Ғабит Жүсіпов.

Айта кетейік, қызметтік иттер 6-8 жасында зейнетке шығарылады. Көп жағдайда кинологтар оларды өз үйіне алып кетеді. Ал егер мүмкіндігі болмаса, жануарлар өмірінің соңына дейін орталықта қалады. Мұнда олар үшін арнайы күтім, ветеринарлық бақылау мен күнделікті жаттығу қарастырылған.

Аяулым Көлжігіт, Әлихан Молдабек, Ақтөбе

Оқи отырыңыз: Көшеге тастап кетуге болмайды: Қазақстанда үй жануарларын ұстау талаптары күшейеді

Толық көрсету