Абай облысындағы ҚАЖ мекемесінде сотталғандарға арналған ағаш өңдеу цехы жұмыс істейді. Мұнда түрлі қылмыс жасаған қырыққа жуық адам еңбек етеді. Оларды біріктіретін басты нәрсе – еңбек арқылы түзелу, – деп хабарлайды
Цехта сотталғандар шеберлердің жетекшілігімен ағаш өңдеуді үйреніп, тұрмыстық және сәндік бұйымдар дайындайды. Аптасына ұлттық ыдыстар, беседкалар мен сәндік кемелер жасалады. Бұл жұмыс олардың бойында жауапкершілік, тәртіп және еңбекке деген құрмет қалыптастырады. Ұжымдық еңбек өзара түсіністік пен қолдауды нығайтады.
Сотталғандардың айтуынша, цехтағы жұмыс олардың өмірге көзқарасын өзгертіп, адал еңбекпен табыс табуға көмектескен.
"Еңбекпен қамту – түзелу және әлеуметтік бейімделу үдерісіндегі маңызды фактор. Сотталғандарды еңбекке тарту – түзету жұмысының негізгі элементтерінің бірі. Цехтағы жұмыс оларға кәсіби дағдыларды меңгеріп қана қоймай, жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастыруға мүмкіндік береді", – деді сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Куанышбек Туканов.
Мұндай бастамалар сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуіне және бостандыққа шыққаннан кейін дұрыс жол таңдауға ықпал етеді.