Іс бойынша зардап шеккендер саны 70-тен асады
Ақтөбеде 70-тен астам тұрғын жиһаз жасаймыз деп оңбай алданып қалды. Олар үй жабдықтарын жасайтын шеберді әлеуметтік желі арқылы тауып, бағасы қолжетімді болғандықтан алдын ала төлем жасауға келіскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, ас үй жиһазын жасату мен орнату құны шамамен 1 миллион теңгені құраған. Шебер тапсырысты бір ай ішінде аяқтауға уәде бергенмен, белгіленген мерзім өтіп кетсе де, жиһаз әлі дайын болмаған. Кейбір тұрғындар тапсырыстарын жарты жылға жуық күтіп жүр. Енді олар «не ақшамыз, не жиһазымыз жоқ» деп дағдарып отыр.
«Ас үй жиһазына тапсырыс беріп едім. Үйге келіп өлшем алып, сол күні 900 мың теңге және тағы 100 мың теңге көлемінде бөліп төлеу рәсімдетті. Қолымда келісімшарт бар, мерзімі 31 күн ішінде жасап беремін деп уәде еткен. Бірақ 4-5 ай өтіп кетті. Маған ешқандай жиһаз да әкелген жоқ, ақшамды да қайтармады», – деді қала тұрғыны Анар Ережепова.
«Полиция басқармасына барып, түнде арыз жаздық. Енді мәселенің әділ шешілуін күтіп отырмыз», – деді қала тұрғыны Рахымжан Елмұратов.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қазіргі уақытта зерттелген іс бойынша зардап шеккендер саны 70-тен асады. Келтірілген шығын көлемі 10 миллион теңгеге жеткен. Күдіктіге қатысты алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір ол үйқамақта отыр.
«Ақтөбе облысының Полиция департаменті алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Қазіргі таңда облыс орталығының 70-тен астам тұрғыны жәбірленуші деп танылды. Жуық арада іс заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданады», – деді Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов.
Оқи отырыңыз: Шымкентте есірткі таратып жүрген жігіт ұсталды