Жаңа баспана тұрғындары көп ұзамай көгілдір отынға қосылады
Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің тұрғындары үш айдан бері көгілдір отынға қосыла алмай отыр. Соның салдарынан әлеуметтік осал топқа жататын ондаған отбасы асты электр плитасында дайындап, ол үшін қомақты қаржы төлеуге мәжбүр. Жауаптылар техникалық жұмыстардың жақын арада аяқталатынын айтып сендіргенімен, мәселе әлі күнге дейін шешілмеген. Тұрғындар түйткілдің қашан шешілетінін сұрайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Есет батыр шағын ауданындағы көпқабатты үйдің тұрғындары пәтер кілтін бірнеше ай бұрын ғана алған. Жаңадан қоныстанғандардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар жандар және жалғызбасты аналар бар.
Алайда олар көптен күткен баспананың қызығын көре алмай отыр. Өйткені тұрғын үй әлі күнге дейін көгілдір отынға қосылмаған. Соның салдарынан тұрғындар үш айдан бері тамақты электр плитасында әзірлеуге мәжбүр.
Оларлың айтуынша, мұндай жүктемеден электр жарығы да жиі сөніп қалады. Ал ай сайынғы электр энергиясына төленетін ақы отбасы бюджетіне едәуір салмақ түсіріп отыр.
«Жарыққа арналған патрондар атылып кетіп жатыр. Дұрыс жасалмаған. Электрикті шақырсақ, келмейді. Үйге екі жыл кепілдік берілген еді», – деді қала тұрғыны Серік Құлмырза.
«Үш айдан бері тамақты электр плитасында пісіріп отырмыз. Бұл көпбалалы аналарға үлкен шығын. Үш айдың төлемі жиналып қалды, енді келесі айда қанша келетінін білмейміз», – деді қала тұрғыны Салтанат Жиенбаева.
«Қазір электр энергиясы қымбат. Есептегіш тоқтаусыз айналып тұр. Соның салдарынан отбасылардың шығыны көбейіп жатыр», – деді қала тұрғыны Серік Оразов.
Ал қалалық құрылыс бөлімінің мамандары кешігудің себебі салғырттық емес, инженерлік желілерді мұқият тексеру жұмыстары екенін айтады. Қазір мамандар газ құбырларын сынақтан өткізіп, жүйеге қысыммен тексеру жүргізіп жатыр.
«Нысан жаңа болғандықтан, барлық инженерлік желі кезең-кезеңімен тексеріліп жатыр. Жылыту маусымы басталған кезде ешқандай мәселе туындамауы үшін газ құбырларына қысыммен сынақ жүргізілуде. Жоспар бойынша газ осы айдың соңына дейін қосылады», – деді құрылыс бөлімінің бас маманы Сапармұрат Баймұратов.
Үш айдан бері газсыз отырған тұрғындар әзірге жауаптылардың уәдесіне сеніп, күтуден басқа амал жоқ екенін айтады. Олар мәселенің созбалаңға салынбай, тезірек шешілуін сұрайды.
Мәди Бижан, "Алматы" телеарнасы, Ақтөбеден
Оқи отырыңыз: Алматы мектептерінде жаңа оқу жылында құқықтық сауатқа басымдық беріледі