Ақтөбедегі мектептерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді

17.11.2025 21:07

Әлеуметтік желіде белгісіз біреулер балаларға шабуыл жасап, білім мекемелерін жарамыз деген жазба таратқан

Ақтөбедегі мектептерде жарылыс болатыны туралы жалған хабарламадан кейін оқу орындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әлеуметтік желіде белгісіз біреулер балаларға шабуыл жасап, білім мекемелерін жарамыз деген жазба таратқан. Тіпті мектептердің тізімін де жариялаған. Тәртіп сақшылары ақпаратты алған бойда жедел әрекет ете бастаған. Бірақ қаладағы оқу орындары жұмысын тоқтатқан жоқ. Оқушылардың басым бөлігі мектепке келіп, білім беру ісі әдеттегідей жалғасқан.

 «Терроризм туралы жалған ақпарат тарату бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті тұлғаларды анықтау үшін жедел іс-шаралар жүріп жатыр. Олар жақын уақытта анықталып, заң алдында жауап береді», – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов.

«Мектебімізде бірінші кезекте 639 бала оқуы керек. Сабақта бүгін 68 оқушы болған жоқ. Оның 65-і денсаулығына байланысты ауырып жатыр. 3 оқушы дәлелді, сұранып кеттім. Сабақ қалыпты, күндегідей штаттық режимде өтіп жатыр. Ата-аналардан, оқушылардан ешқандай сұрақтар болған жоқ. Бірақ мектебімізде арнайы күзет жұмысын күшейтті», – деді № 39 мектеп-лицейінің директоры Ақкүл Қисықова.   

Оқи отырыңыз: Әлімжеттілік: Талғар ауданында 9-сынып оқушысы қаза тапты