Ақ жаулықтан ақ кимешекке дейін: Қызылордада Республика күніне орай фестиваль өтті

22.10.2026 15:40

Ұлттық мұраны жаңғыртып, қазақ әйелінің өнегелі жолын дәріптеген фестиваль салтанатты шеруге ұласты.

Ақ жаулық – ананың ары, ақ кимешек – әженің абыройы. Қазақ әйелінің болмысын киімінен тануға болады. Қызылордада Республика күніне орай «Ақ жаулықтан ақ кимешекке дейін» атты этномәдени фестиваль өтті. Мақсат – ұмыт бола бастаған дәстүрді жаңғыртып, ұлт мұрасын ұрпаққа жеткізу, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақта әйелдің бас киімі оның отбасындағы орнын, өмір жолын білдірген. Қыздың ақ желегі, келіннің ақ орамалы, ананың жаулығы, әженің кимешегі – әрқайсысының өз мәні бар. Ақ жаулығын кір шалдырмаған аналардың киім кию әдебіне дейін даналыққа толы. Осы дәстүрдің тағылымын танытқан фестиваль «Сыр Ана» монументінен басталды. Қатысушылар кимешектің сыртынан оралатын күндік баскиімді 21 метрлік ақ матамен орау рәсімін көрсетті.

«Қыз баланың мақсаты – ана болу Тағдыр айдап бір босағаға келін болып түседі. Сол кезде ақ орамал салынады басына. Өскен сайын дәрежесіне қарай орамал өзгере бастайды. Бала болғаннан бастап кимешек кие бастайды, 2-3 бала босанғасын кимешектің күндігі жоғарылай бастайды», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зәлипа Төлепова.

Ұлттық мұраны жаңғыртып, қазақ әйелінің өнегелі жолын дәріптеген фестиваль салтанатты шеруге ұласты. Жүзден астам ақ кимешекті аналар көші қазақ тарихындағы ханымдардың бекзат болмысын көрсетті. Көше бойлаған керуенде әжелер ансамбльдері, мәдениет саласының өкілдері, «Алтын алқа» иегерлері, көпбалалы аналар мен қоғам белсенділері бар.

«Ақ жаулық ананың ары болса, кимешек – әженің нағыз парасаттылығының көрінісі. Мақсаты – ұлттық киімдерді насихаттау, ұмыт бола бастаған дәстүрлерді жас ұрпаққа насихаттау. Бұл шараның мазмұндық ерекшелігін айқындайтын 21 метрлік күндік орау дәстүрін көрсеттік. Аналарымыздың даналығын насихаттағымыз келеді», – деді  «Анаға тағзым» орталығының көркемдік жетекшісі Феруза Оңталап.

Фестивальде кимешектің төрт үлгісі мен жаулықтың үш образы таныстырылды. Орталықтың қолөнер шеберлері дайындаған бұйымдар кенепті шашақпен әрлеу, жабағы жүнмен жиектеу, тоқыма жіппен өрнектеу және ою-өрнексіз тігуімен ерекшеленді. Кимешектердің ұзындығы жеті метрден басталады.

«Аналарымыз бір бөпелі болғаннан бастап келіндеріне ақ кимешегін кигізетін болған. Ақ кимешектің тарихы өте тереңде жатыр. Оның төбесіне оралатын күндіктің өзі 25-31 метрдің аралығын құрайды», – деді  «Сыр аналары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Мырқықызы.

Әр киімнің үлгісінде ұлттың тұрмыс-тіршілігі мен танымы жатыр. Мұндай шаралар сол мұраны танып-білуге, дәстүрдің мәнін түсінуге жол ашады. Аймақта алғаш рет ұйымдастырылған фестиваль аналарға деген құрметті көрсетеді.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылордадан

Оқи отырыңыз: Алматыда Республика күніне арналған флешмобқа 1 мың жас қатысты

 

 

 

Толық көрсету