Бүгінде Қаржы орталығында әлемнің 84 елінен келген компаниялар тіркелген
«Астана» халықаралық қаржы орталығы өз дамуында маңызды кезеңге жетті – тіркелген компаниялардың саны 4000-нан асты. 2025 жылдың басынан орталықтың тәуелсіз реттеушісі – Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) 505 жаңа қатысушыны тіркеді, бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 12%-дан астам жоғары, деп хабарлайды Аlmaty.tv АХҚО баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2015 жылы құрылып, 2018 жылы іске қосылған сәттен бастап АХҚО тұрақты өсім көрсетіп келеді. 1000 тіркелген компания межесіне үш жылдан аса қызметтен кейін - 2021 жылдың қыркүйегінде қол жеткізілсе, келесі екі жылда, яғни, 2023 жылдың шілдесінде 2000 компания, ал бір жылдан кейін, 2024 жылдың тамызында АХҚО юрисдикциясында 3000 компания тіркелді. Ал енді бір жылдан аз уақыт өткен соң – 2025 жылдың маусымында 4000 қатысушы белесі еңсерілді.
Жаңадан тіркелген компаниялардың көбі қаржы қызметтері, пайдалы қазбаларды барлау және өндіру, өнеркәсіптік өндіріс және сауда-саттық салаларында жұмыс істейді, бұл АХҚО-ның экономиканың әртүрлі салаларындағы бизнес үшін тартымдылығын растайды.
Жаңа қатысушылар қатарында – Ұлыбританияның жетекші зерттеу жоғары оқу орындарының беделді Russell Group құрамына кіретін әлемге әйгілі Кардифф университетінің еншілес құрылымы Cardiff University Kazakhstan Holdings Limited бар. 1884 жылы құрылған Кардифф университеті Ұлыбританияда түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі бойынша 12-ші орында. Қазақстанда өкілдіктің ашылуы Мемлекет басшысының шетелдік университеттерді тарту жөніндегі стратегиялық бастамасына сәйкес келеді. Бұл жоба 2024 жылдың 14 тамызында Астанада әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу университетін құру бойынша Кардифф университетімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
«Біз көптеген компанияның «Астана» халықаралық қаржы орталығын жұмыс істеу және Қазақстанда бизнес жүргізу алаңы ретінде таңдап жатқанына қуаныштымыз. 4000 қатысушы компания межесін еңсеру географияның одан да ұлғаюын білдіреді, бұл аса қуантарлық жайт – АХҚО қаржы хабы ретінде өз миссиясын дәйекті түрде орындап келеді. Компаниялар санының көбеюі — жергілікті мамандар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуы, салық түсімдерінің артуы және қосымша кәсіби тәжірибе ағыны», - деді АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров
АХҚО-да жақында тіркелген басқа да компаниялардың қатарында:
Бүгінде АХҚО-да әлемнің 84 елінен келген компаниялар тіркелген. Компаниялар саны бойынша алғашқы ондыққа Қытай, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Түркия, Сингапур, БАӘ, Үндістан, Кипр және Нидерланды кіреді. АХҚО қатысушылары реттелетін қаржы институттары, финтех-стартаптар, нарықтық инфрақұрылым провайдерлері, қосалқы қызметтер және басқа да бағыттар ретінде әртүрлі ұйымдық-құқықтық нысандарында жұмыс істейді.
Айта кетейік, АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 84 елден 4000-нан астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы «Дәулет» теннис орталығына барды