Алматы әкімі қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтады

Depositphotos.com
Depositphotos.com
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қазақстандықтарды 6 шілдеде атап өтілетін Астана күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv

Бұл туралы мегаполис басшысы Instagram парақшасында жазды.

Айта кетейік, дәл осы күні, 1994 жылы еліміздің Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның жаңа тарихындағы маңызды стратегиялық шешімдердің біріне айналған қаулыны қабылдады. 1992 жылдың шілде айына дейін Целиноград деп аталған Ақмола қаласы 1997 жылғы 10 желтоқсанда ресми түрде Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды.

Ал 1998 жылғы 6 мамырда еліміздің бас қаласына Астана атауы беріліп, сол жылдың 10 маусымында оның халықаралық деңгейдегі ресми тұсаукесері өтті. Арада бір жыл өткен соң, 1999 жылы ЮНЕСКО Астана қаласына қарқынды дамуы, ұлтаралық келісімді нығайтуы және халықаралық диалогқа қосқан үлесі үшін «Бейбітшілік қаласы» құрметті атағын берді. Бүгінде Алматы, Сарыарқа, Есіл, Сарайшық, Байқоңыр және Нұра атты алты ауданға бөлінген елорда жаңа Қазақстанның символына әрі бірегей жалпыұлттық жобаға айналды.

Астана күні 1998 жылдан бері атап өтіледі.

Бұл мерекенің халық үшін тарихи-мәдени маңызы зор және ол тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерінің символы саналады. Осы күні түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар, спорттық жарыстар ұйымдастырылып, Қазақстанның астанасы туралы бейнероликтер мен фильмдер түсіріледі. Жыл өткен сайын Астана күнін мерекелеу мазмұнды әрі қызықты бола түсуде. Бұл мереке бүгінде жалпыхалықтық сипатқа ие болып, ұлттық бірлікті одан әрі нығайтуға және Қазақстан халқының мәдени мұрасын жаңғыртуға ықпал етіп келеді.