Ақша емес, адам саны маңызды: мобильді аударымдар қалай тексеріледі

09.01.2025 18:52

Қайырымдылық пен садақаға жиналатын қаражатқа өзге талап қойылады 

Банк картасына жіберілген ақшаның сомасы емес, адам саны маңызды. Қаржы министрлігі өкілдері кімдердің мобильді аударымдары тексерілетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салықшылар 3 ай бойы шотына 100-ден астам адамнан ақша түскен тұлғаларды бақылауға алмақ. Мұндай жағдайда, аударым қабылдаған азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірі Мемлекеттік кірістер комитетіне жіберіліп, өзіне жағдайды түсіндіру туралы хабарлама жолданады. Бұл талапты орындауға 30 жұмыс күні беріледі. Егер осы уақыт ішінде хабарламаға жауап бермесе, ол адамның шығыс операциялары уақытша тоқтатылады.

Айта кетерлігі, туыстары мен балаларына ақша жіберетіндердің мобильді аударымдары бақылауға алынбайды. Ал қайырымдылық пен садақаға жиналатын қаражатқа өзге талап қойылады.  

"Садақа, қайырымдылық, емдік шараларға мобильді ауадарымдар арқылы қаражат жинайды. Бұл кәсіпкерлік мақсатта жиналып жатқан ақша, қаражат емес. Тиісінше ол салықтандыруға жатпайды. Егер ол емдік шарада жинаған болса, емдік құжаттарын көрсетіп, дәлелдейді", – деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы.

Биыл 1 қаңтардан бастап елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың 4-кезеңі басталды. Оған сай, шетелде мүлкі мен шетелдік банкте қаржысы барлар, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік секторлардың басшылары мен олардың жұбайлары табысын растауы керек. Адвокат, нотариус, жеке сот орындаушылары мен құны 20 мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мүлікті сатып алғандар 250 нысан бойынша салық есебін өткізуге міндетті.

"Сонымен қатар, декларацияны өз еркімен тапсыру мүмкіндігін қалдырамыз. Құны 1000 айлық есептік көрсеткіштен асатын мүліктері бар тұлғалар өз еркімен 250 нысанын тапсыруына болады", – деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы.

Оқи отырыңыз: Елімізде әлеуметтік жәрдемақы мен төлемнің 41 түрі төленіп жатыр