Ақтауда аттракционның бөлігі үш жасар баланың үстіне құлап кеткен

24.08.2025 16:16

Полиция бұл дерек бойынша арызды тіркеді

Видеодан кадр

Ақтаудағы «Saya Park» ойын-сауық орталығында балаларға арналған ойын алаңында үш жасар баланың үстіне аттракционның салмағы 50 келілік бір бөлігі құлап түскен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.   

Бүлдіршіннің анасы Айнұр Бисембаеваның айтуынша, ауыр блок еш бекітусіз тұрған және тек электр қалқанын жабу үшін пайдаланылған. Сырты жұмсақ қаппен қапталғанымен, ішінде ауыр темір блок болған.

Баланы дереу ауруханаға жеткізгенімен, рентгеннен сынық анықталмады. Дегенмен, бала аяғының ауырсынуына шағымданып, қосымша тексеруге жіберілді. Сондай-ақ анасы ұлының ұйқысы бұзылып, психолог көмегіне мұқтаж екенін жеткізді.

Отбасы ойын орталығының басшылығынан 200 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы талап етуде. Ал мекеме өкілдері дәрігер қабылдауына кететін шығынды өтеуді және аквапаркке бір реттік билет ұсынған.

«Маған олардың аквапаркі немесе ойын-сауық орталығы не үшін керек? Балам үйде ауырып жатыр. Мен оны емдету үшін дәрігерлерге апарып жүрмін, ал олар маған көңіл көтеруді ұсынып отыр», – дейді ашынған Айнұр Бисембаева.

Полиция бұл дерек бойынша арызды тіркеп, материалдарды Ақтау қалалық әкімдігіне жолдаған.

Оқи отырыңыз: Алматы облысында көлікпен адамдарды қасақана басып өткендер ұсталды