Ақтауда әкімдік өкілдері баспанасын заңдастыруды талап еткен тұрғындарды неге кінәлайды

04.08.2025 20:40

Атауы жоқ тұрғын үй массивінде мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар тұрады

Ақтау маңында орналасқан атауы жоқ шағын тұрғын үй массивіндегі көпшілік баспанасын заңдастыруды сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

ВСО ауылында 30-дан астам үй бар. Бірақ бірде біреуінің ресми құжаты жоқ. Атауы жоқ тұрғын үй массивінде мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар тұрады. Көпшілік коммуналдық шығынды заңды тұлғалар тарифімен төлейді. Енді тұрғындар, тұрғылықты жерін заңды түрде рәсімдеп беруін сұрайды.

Ай сайын коммуналдық қызметтің төлем уақыты келгенде бір үйден шығатын шығын шаш етектен. Тоқтың өзіне 30-40 мың теңге кететін көрінеді. Ал ол, өз кезегінде мүгедектігі бар жандар мен көпбалалы отбасыларының қалтасына едәуір салмақ. Қыста жылудың құны 50 мың теңгеге дейін көтеріледі. Барық үйді дұрыс жылыта алмайды екен. Табиғи отын үйдің маңына келіп тұрғанымен, рахатын көре алмай отырғандар әлі күнге дейін газ баллон жағып отыр. Ал оның қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Ал құбыр арқылы көгілдір отынды үйге тартайын десе, баспананың ресми құжатының жоқтығы қол байлау.

«1-2 жыл уақыт текке кетті.  Үшінші үйдің құжатын жасады, енді бізге келгенде тиын төлеуміз керек. Жақсы, тиынды да төлерміз, бірақ екі есе қымбат», – деді тұрғын Камила Ашимова.

 «Қыста 150 мың, жазда 80-90 мың теіге төлейміз.  Газ баллон жағамыз. Өзің көпбалалы болғаннан кейін айына 3-4 рет толтырамыз», – деді тұрғын Жібек Жанысбаева.

Әкімдіктегілер мәселенің сағызша созылып кетуіне тұрғындардың өздерін кінәләйді. Себебі оларға үйдің құжатын қалай рәсімдеу керек екені  түсіндірілген. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тиісті сатылардан өтіп, 45-50 мың теңге аралығында мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Билік өкілінің айтуынша, тұрғындар ол қаржыны қалтасынан шығарғысы келмейді.

«Жолдамасы берілді. Жерге орналастыру жұмыстары ресми түрде ақылы қызмет. Төленетін ақшаға келген кезде, осындай мәселе көтеріліп қалып жатыр. Ол кісілер жерге орналастыру жұмыстарын толықтай бітіріп, бізге келгеннен кейін, құжаттарды рәсімдеп беруге дайынбыз. Бұл – бақылауда ұстап отырған мәселе», – деді қалалық Жер қатынастары бөлімінің басшысы Айдынбек Ұзақбайұлы.

Жылдарға жалғасқан мәселенің түйінін тұрғындар өздері шешеуі тиіс.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысынан

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында мал дәрігерлері апатты ғимаратта жұмыс істеуге мәжбүр