Ақтауда сүңгуірлер тобы халықты теңізді ластамауға шақырды

19.06.2025 16:25

Олардың айтуынша, теңіз түбінде тамақ қалдықтары мен пластикалық бөтелкелер, полиэтилен пакеттері жиі кездеседі

Ақтауда теңіз астын қоқыстан тазалайтын сүңгуірлер тобы бар. Олар игі іспен бірнеше жылдан бері айналысып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ақтаулық сүңгуір Қанат Абдиев 3 жылдан бері осы іспен айналысып келеді. Ол таңда тұрып теңізге түсуді әдетке айналдырған. Қысы-жазы күнін теңізде қарсы алған ол «бәрі бастапқыда деннің саулығы мен шымырлығы үшін басталды» дейді. Ал уақыт өте тек теңізге түсіп қоймай, су астын тазартуды әдетке айналдырыпты. Бүгінде Қанат бір сүңгігенде 800-1000 метр қашықтықты жүзіп өтеді.

Бұл жолы Қанат 1270 метр аумақты қоқыстан тазартып шықты

«Астында қаншама қоқыс жатыр. Пластикалық олар жойылып кетпейді. Химикаттар табиғатқа, қоршаған ортаға кері әсерін береді.  Бір рет емес, бірінші рет емес күнделікті қоқысты тазалаймыз», – деді сүңгуір Қанат Әбдиев.

Жағалауда Қанат секілді 5 азамат таңғы уақыттарын теңізде өткізеді. Олар да мұнда демалып қана қоймай, құрлық пен су астын тазартады. Сүңгуірлердің айтуынша, теңіз түбінде негізінен тамақ қалдықтары мен пластикалық бөтелкелер, полиэтилен пакеттері жиі кездеседі.  

«Судың астына сүңгіп жүргенде қолға ілінген қалдықтарды мүмкіндігінше алып шығуға тырысамыз. Өзіміз шомылып жүрген теңізді таза ұстаған жөн. Қала тұрғындарын қаланы, теңізді ластамай таза ұстауға шақырамын», – деді сүңгуір Ержан Қанбаев.

Айта кетейік, сүңгуірлер әлеуметтік желіге теңіз астының тылсымын жиі жариялайды. Бейнежазбаларда 8-10 метр тереңдіктегі су астындағы өмір айқын көрінеді. Олар осы арқылы көпшілікті мәселемен күресуге шақырмақ.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: Өрт қауіпті көзең: Алматыда 215 гектар жердегі құрғақ шөп шабылды