Оқу орнында 70 шақты ұстаз еңбек етеді
Ақтауда жекеменшік мектептегі мыңнан аса оқушы мұғалімсіз қалуы мүмкін. Себебі тиісті жалақысын уақытылы ала алмаған ұстаздар білім беруден бас тартқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлттық бағытта білім беретін жекеменшік лицей 3 жыл бұрын жұмысын бастаған. Аталған оқу орнында 70 шақты ұстаз еңбек етеді. Мектептің жетістігі де аз емес. Бірақ мұғалімдердің жағдайы мүшкіл. Оған себеп – айлықтың дұрыс төленбеуі. Ұстаздар, тіпті жарты жыл бұрынғы еңбек демалысының да қаражатын қолға алмаған. Зейнетақы жарнасы мен міндетті медициналық сақтандыру қорына ақша аударылмаған.
`Жалақымыздың 10 пайызы зейнетақы қорына түсті. Үшінші оқу жылын бастап жатырмыз. Еңбек демалысының ақысын әлі алған жоқпыз, алты ай өтті`, – деді мұғалім Рахат Шәудірбаев.
`2024 жылдың мамыр мен маусымның айлығын әлі ала алмай жүрмін. Еңбек демалысымның ақысын берген жоқ`, – деді мұғалім Айкөркем Мағзам.
Мектеп директорының айтуынша, былтыр оқу ордасы банкрот болған. Алайда басшылық қызметкерлерге айлықты амалдап төлеп келген. Оқу орнының иелері 10 шақты мұғалімнің еңбек демалысына ақша аударылмағанын растады.
`Зейнетақы және міндетті медициналық сақтандыру қорына қатысты жеке қызметкерлермен келісімшарт бойынша жүргізіліп жатыр. Қазанды есептемегенде 20 шақты мұғалімге жалақы түсіп жатыр. Мекеме қиын жағдайда тұр. Бірақ мәселе шешілуде. Мұғалімдерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр`, – деді жекеменшік лицейдің құрылтайшысы Еркебұлан Нұрханұлы.
Бұл жағдайдан қаланың бас мұғалімі де хабардар. Бірақ жергілікті билік жекеменшік оқу ордасының мәселесіне араласпайды.
`Олар тікелей Оқу ағарту министрлігі жанынан құрылған "Қаржы" орталығымен жұмыс істейді. Қаржыны министрлік бөледі. Біз тек қана жекеменшіктердің білім сапасын қадағалаймыз. Мәселемен таныстық және бұл мәселенің тезірек шешімін табуға ықпалдасуын өтінген болатынбыз. Келіссөздердің арқасында жақында мұғалімдердің шағымы оң шешімін табады деп күтудеміз`, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Ғани Құрманғалиев.
Аталған мектептің директоры мәселені жыл соңына дейін біржақты етуге уәде берді. Ал ұстаздар жағдай оң шешімін таппаса, сотқа арыз жазуға бекініп отыр.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтау
Оқи отырыңыз: Елімізде 13 мыңға жуық тұрғынға арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды