Ақтауға қоқиқаздардың алғашқы легі келді

Қаракөлде 170-тен астам құстың түрі мекен етеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтаудағы Қаракөлге қоқиқаздардың алғашқы легі келді. Ең бірінші бір жылдық балапандар қоныс аударған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл Ақтаудың іргесіндегі ерекше қорғауға алынған Қаракөлге алғаш болып 60-қа жуық қоқиқаз келді. Қауырсындары ерекше құс көпшілікті таң қалдырып жатыр. Анығында сұр түс - қоқиқаздың өзіне тән түсі, олар белгілі бір пигменттері бар балдырлармен және шаяндармен қоректену арқылы тұла бойын қызғылт түске өзгертеді. Қазір Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының инспекторлары дүрбіні асынып, оларды қорғап жүр. Себебі құстардың келер жылы қайтып оралуына барынша жағдай жасалып, кедергілер болмауы керек.

"Қаракөл – ерекше қорғалатын аумақтың бірі. Құстардың 160-тан астам түрі бар. Солардың ішінде "Қызыл кітапқа" енгенін бақылап, соларды қарап жүреміз. Қоқиқаз, аққу, үйрек, көкқұтан, аққұтан – осы жерді паналайтын құстар", – деді Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының мемлекеттік инспекторы Ербұлан Бердібеков.

Қоқиқаздар Маңғыстау өңіріне жылына екі рет келеді. Олар Қаракөл көлінде қарашаның соңына дейін аялдап,  ұшып кетеді. Ал наурыздың басында қайта оралып, мамырдың ортасына дейін көлді мекендейді. Қазір аталмыш көлге қоқиқаздардан бөлек, аққу да қоныс аударып жатыр. Олар Түркменстан жақтан келеді.

 Айта кетейік, Қаракөлде 170-тен астам құстың түрі мекен етеді. Оның ішінде 25 құс ерекше қорғауға алынған. 

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: "Алпамыс батыр" жыры ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне ене ме

Новости партнеров