Ақтаулық түлектер мерекелік кештен бас тартып, қайырымдылыққа қаражат бөлді

20.06.2025 14:30

Жиналған қаражатты ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсететін «Періште» орталығына аударды

Фото: Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығы

Ақтаулық мектеп түлектері мерекелік кештің орнына қайырымдылықты таңдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ақтау қаласындағы мамандандырылған IT лицейінің 11-сынып түлектері биылғы аттестат тапсыру салтанатын тек сән-салтанатпен емес, игі іспен есте қалдырды. 97 бітіруші сәнді киімдер мен мерекелік атрибуттарға жұмсалатын шығыннан саналы түрде бас тартып, жиналған қаражатты ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсететін «Періште» орталығына аударды.

Бұл қадам — жас түлектердің азаматтық жауапкершілігі мен әлеуметтік сезімталдығының көрінісі.

«Жиналған қаражат аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға қолдау көрсететін қорға аударылды. Бұл қаражат балалардың әлеуметтік бейімделуіне көмектесетін арнайы бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмсалмақ. Бұл — жай ғана бір реттік қайырымдылық емес. Лицей түлектері бұл әрекетті өзгелерге үлгі боларлық бастама, жаңа челлендж ретінде ұсынады. Олар әрбір мектеп бітіруші қуанышты сәтін жақсылықпен бөлісу арқылы қоғамға оң өзгеріс әкелуге ықпал ете алатынына сенімді», — делінген хабарламада. 

Оқи отырыңыз: Келешек мектептері: биыл 112 мектеп пайдалануға беріледі