Ауыл әкімі де жауаптылармен жиналыс өткізіп, оңтайлы шешім шығармақ
Ақтау маңындағы Рауан елдімекенінің тұрғындары мектеп пен балалар алаңының арасындағы жүк көліктерінің тұрағын сүруді талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Рауан тұрғын үй кешеніндегі аумақты құрылысшылар қоршап жатқан көрінеді. Ауыр жүк көліктері мен әртүрлі техника тұрақтайтын орынның бір жақ қапталында мектеп, екінші бетінде ойын алаңы бар. Тұрғындар осы тұраққа қатынаған зілдей көлік мектепке немесе ойын алаңына барған баланы басып кетпей ме деп алаңдайды. Сондай-ақ тақтайдай тегіс тас жолды талқандайды деп отыр.
«Жүк көліктерінің тұрағы салынып жатыр. Біз оған қарсымыз. Бұл жерде тротуар, ешқандай жол белгісі жоқ. Балалар мектептен шығады, үйіне жүгіреді, бәрі де асфальтта самокатпен жүреді. Балалардың өміріне қауіп төндіреді», – деді қала тұрғыны Баян Үмбетова
«Рауанда су таситын көлік жас баланы басып кетті. Жүк көліктері келсе, жолдың сапасын құртады», – деді қала тұрғыны Дина Сингерова.
Шағымданушылар автотұрақтың орнына демалыс аумағы мен жастарға арналған спорт залын салып бергенін қалайды. Себебі ауылдағы спортқа жақын жастар Ақтауға қатынап жаттығады, ал ойын алаңының саны екеу ғана. Ал мұндағы бала саны 600-ден асады.
«Балалары қай жерде ойнайды? Тегіс жерде самокат теуіп, ойнайтын еді», – деді қала тұрғыны Сәуле Қойланова.
Тұрғындар көтерген мәселені әкімдікке сол жерде тұрып жеткіздік. Көп ұзамай ауыл әкімінің өзі де келді, жұртпен жүздесті, шағымданушылардың арыз-талабын тыңдады. Бисенғали Кенжалиев автотұрақ салынып жатқан аумақ Ақтау қаласына қарасты екенін айтты. Десе де аталмыш тұраққа техникаларды кіргізбеуге, ауылдың іргесіндегі жолмен қатынамайтындай етіп бір амалын ойластырамыз деп уәде етті. Ал абаттандыру бойынша барлық құжат рәсімделген, тек мемлекеттен қаражат күтіп отыр.
«Қаладағы әріптестермен біріге отырып, жүк көліктерін реттеу ісіне міндетті түрде қарастырамыз. Қажет болса, арнайы белгілер қоямыз, автотұраққа көлікті қойдырмауға тырысамыз», – деді Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев.
Ауылдағы ағайын «мәселенің шешімі шыққанға дейін шағымдана береміз» деп отыр. Ауыл әкімі де жауаптылармен жиналыс өткізіп, оңтайлы шешім шығаратынын айтты.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Елімізде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтіледі