Мерейтой бағдарламасы Әлмерек Жаншықұлының ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері, Алматы облысының құрметті азаматы, театр және кино актері Бекжан Тұрыстың 60 жылдық мерейтойына арналған “Өнер – тәуекелі жеткеннің тұғыры” атты әдеби-сазды кеші туған жерінде өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
9 қазанада кіндік қаны тамған ауыл – Шошанайда жерлестері Бекжан Тұрысты ауыл сыртынан шашу шашып, қарсы алды.
Ал Шошанай ауылдық орта мектебінде Б.Тұрыс бұрышы ашылды. Іс-шара Шошанай мектебінің мәжіліс залында жалғасын тауып мерейтой иесінің қуанышын бөлісуге келген М. Әуезов театрының әртістері, ауылдастары, мектеп оқушылары мен ұстаздар салтанатты жиынға куә болды.
Жиында Ә Рахимов, Е.Жуасбек сынды әріптестері Бекжан Тұрысқа ақ тілегін білдірсе, ауылдағы ұстаздары бала Бекжанның ереклігін еске алды. Өнерге алғаш қызықтырып, құлшынысын оятқан Күлімхан жеңгесі өткенді еске алып, тойға әнмен шашу шашты.
Мектеп оқушылары өнерін көрсетіп, мектеп журналистері Б.Тұрыспен сұхбат жүргізді.
Ал 10 қазанда жиналған қауым Әлмерек Жаншықұлының ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Көпшілік аудандық мәдениет үйінде мерейтой иесінің шығармашылығына арналған фотокөрмені тамашалады. Кеш барысында "Абай", Исрайыл Сапарбайдың "Сыған церенадасы" қойылымынан үзінді көрсетілді.
Салтанатты іс-шарада М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртістері, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Алматы облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлдиев, Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова, М.Әуезов театрының директоры Еркін Жуасбеков, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Нұрлан Оразалин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әубәкір Рахимов, Алматы облысының құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов, қоғам қайраткері Бауыржан Қаптағаев, сондай-ақ актердің ұстаздары мен шәкірттері бар.
Қазақстанның халық әртісі, әнші Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева, Саят Медеуов, Салтанат Бақаева, Алатау Серілері, Әсет Есжан өнерін ортаға салып, әдеби-сазды кештің көркін қыздыра түсті.
Бекжан Тұрысқа аудан халқы ат мінгізсе, әріптестері мен бауырлары, кәсіпкерлер жаңа көліктің кілтін табыстады.
Ал түстен кейін аудан халқы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры “Бес бойдаққа бір той” қойылымын тамашалайды.
Оқи отырыңыз: Алматыда тағы екі жаңа Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды