Ақтөбе облысында 110 жасқа толған әжей тұрады

Ақтөбе облысының әкімдігі
Ақтөбе облысының әкімдігі

Әжей 1915 жылы 24 тамызда дүниеге келген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбе облысында мерейлі 110 жасқа толған Жәкібай Бисенғалиеваны өңір басшысы арнайы құттықтап барды, деп хабарлайды Аlmaty.tv облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әжей 1915 жылы 24 тамызда дүниеге келген, тыл еңбеккері. Ұзақ жылдар қазіргі Хромтау ауданында тұрған.

Өңір басшысы соғыс жылдарынан бастап еңбекке ерте араласып, екі ғасырдан астам уақыттың жүзін көрген ер анаға алғыс білдірді.

«Сіздің ғұмыр жолыңыз – бәріміз үшін үлкен өнеге. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда аянбай тер төгіп, елді дамыту жолында адал еңбегіңізді сіңірдіңіз. Осындайқажырлы еңбегіңіздің арқасында нағыз адал азамат ұғымының жарқын үлгісін көрсете білдіңіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлесін қосады» деп атап өткен еді. Сіздің тағдыржолыңыз осы қағиданың айқын көрінісі. Өмірдің барлық сынағына төтеп беріп, ұрпақ тәрбиелеуде төзім мен табандылық таныттыңыз. Бүгінде немерелер меншөберелеріңіздің ортасында қадірлі әже атанып отырғаныңыз мағыналы ғұмырыңыздың жемісі. Ақтөбе облысының жұртшылығы атынан Сізге зор денсаулық және бақ-береке тілеймін», - деді Асхат Шахаров.

Әз ана әлі де тың. Әңгімесін асықпай айтып, құттықтап келген баршаға ақ батасын берді.

Жәкібай әжей екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретін тартып, тылдағы ауыр еңбектің азабын арқалаған, ешқандай қиындыққа мойымаған жансебіл ана. Новороссийск ауданы ұжымшарында астық таразылап, тракторшы, кітапханашы және сауыншы болып жұмыс істеген.

Жұбайы Ғабит Бисенғалиев атамыз Ұлы Отан соғысынан бірінші топтағы мүгедек болып оралып, 1993 жылы дүниеден озған. Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп, өсірді. Қарт ана қазір бейнетінің зейнетін көріп, ұл-келін, немере-шөберелерімен бірге бақытты ғұмыр кешуде. Ол 3 немере мен 7 шөбере сүйіп отырған аяулы әже.

«Жасым – 19-да. Жәкібай әженің шөбересімін, кішкентайымнан еркелетіп өсірді. Қазір бірге тұрамыз. Бәріне, достарыма, менің әжемнің жасы 110 жаста деп айтып, мақтанып жүремін.  Түркияда оқып жатырмын. Елге, үйге, әжеме жеткенше, асығамын», - деп Қасымхан Бисенғали қуанышын бөлісті.

Оқи оотырыңыз: Алматы облысында көлікпен адамдарды қасақана басып өткендер ұсталды

Новости партнеров