Ақтөбе облысында 77 жүк көлігін заңсыз тіркеген ұйымдасқан топ ұсталды

07.08.2025 10:30

Бастапқы тіркеу алымдарын төлемеу салдарынан мемлекетке келген жалпы залал 740 миллион теңгеден асты

Christian Chen/ unsplash.com/

Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен жалған құжаттарды пайдалана отырып, жүк автокөліктерін заңсыз тіркеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, ұйымдасқан топтың қатысушылары жалған сатып алу-сату шарттарын, көлік құралдарын тексеру туралы жалған актілерді қолданып, «Автоіздеу» ақпараттық жүйесіне шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер енгізу арқылы 77 жүк көлігін бастапқы тіркеуден өткізген.

Аталған заңсыз әрекет Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында салық заңнамасында белгіленген рәсімдерді әдейі айналып өту үшін жүргізілген.

Бастапқы тіркеу алымдарын төлемеу салдарынан мемлекетке келген жалпы залал 740 миллион теңгеден асты.

Сот шешімімен ұйымдастырушылар қамауға алынды.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді",- делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында полиция мыңнан астам қарасора мен көкнар түптерін тәркіледі