Оқиға кезінде 215 адам, оның ішінде 96 бала қауіпсіз жерге көшірілді
Ақтөбе облысында бөгеттің бұзылуына себеп болған шенеунікке сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Хромтау ауданындағы «Магаджан» бөгетінің қирауына шенеуніктің немқұрайлылығы әсер еткен. Ол өз қызметтік міндетін дұрыс атқармапты. Соның салдарынан суды ұстап тұрар құрылым жарылып, Алға ауданындағы бірнеше ауыл мен Ілек, Қарғалы өзендерінің бойындағы бау-бақша алқаптарын су басқан. Оқиға кезінде 215 адам, оның ішінде 96 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Ал жалпы келтірілген шығын 211 миллион теңгеден асқан. Сот кінәлі қызметкерге 1 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
«Бөгеттің бұзылуына жергілікті атқарушы орган қызметкерінің өз қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауы себеп болды. Аталған әкімдік қызметкері гидротехникалық құрылыстың техникалық жағдайын бақыламаған, тексеріс жүргізбеген және апаттың алдын алуға қажетті шараларды қабылдамаған», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Шымкентте бопсалаумен айналысқан топтың қылмыстық әрекеті әшкереленді