Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар жол қолданысқа берілді

29.09.2025 15:15

Ізімбет – Біршоғыр – Қотыртас ауылдарының арасындағы 50-92 және 148-164 шақырым учаскелерін жаңарту жұмыстары 2026 жылға жоспарланған

ҚазАвтоЖол

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы Ақтөбе облысында Кандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз республикалық автожолының кезекті бөлігі пайдалануға берілгенін хабарлайды. Аталмыш жолдың 194-224 шақырым аралығындағы учаскесінде (ұзындығы 30 шақырым) көлік қозғалысы толық ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сондай-ақ, қазан айында тағы 30 шақырым жол қолданысқа беріліп, Қотыртас пен Қауылжыр ауылдарының арасындағы жаңартылған жол 60 шақырымға жетпек.

Аталған автожолда орташа жөндеу жұмыстары 2023 жылы басталған болатын. Осыдан алпыс жыл бұрын салынған жол (ІІІ техникалық санаттағы) бүгінде өңірдің ірі елді мекендерін өзара жалғап, республикалық маңызы бар өзге магистральдармен стратегиялық байланысты қамтамасыз етуде.

Кандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз автожолының жалпы ұзындығы 401 шақырымды құрайды. Өткен жылы Шалқар қаласынан Қауылжыр ауылына дейінгі (224-259 шақырым), сондай-ақ Ырғыз ауылынан Самара–Шымкент трассасына дейінгі (391-401 шақырым) учаскелерде жөндеу жұмыстары аяқталды.

Биыл жалпы ұзындығы 110 шақырым жолда құрылыс жалғасуда. Оның ішінде:
- 0-25 және 25-50 шақырым (Кандыағаш – Ізімбет),
- 164-224 км (Қотыртас – Қауылжыр) аралықтары бар.

Ал Ізімбет – Біршоғыр – Қотыртас ауылдарының арасындағы 50-92 және 148-164 шақырым учаскелерін жаңарту жұмыстары 2026 жылға жоспарланған.

Оқи отырыңыз: Бостандық ауданының Манас көшесінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі