Ақтөбеде өзін блогер ретінде таныстырған адам сотталды

23.07.2025 21:50

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Almaty.tv

Өзін блогермін әрі қоғам белсендісімін деп таныстырған ақтөбелік тұрғын бірнеше адамды алдап, қомақты қаржы иемденгені үшін сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұғалжар аудандық соты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы (алаяқтық) бойынша айыпталған азаматтың ісін қарады. Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың тамызында Қандыағаш қаласында ол азық-түлік дүкені иесіне сағат 23:00-ден кейін де алкоголь өнімдерін сатуға рұқсат алып беремін деп уәде етіп, 1 млн теңге алған.

Сондай-ақ, көлік жуу бекетінің қожайынына жүргізуші куәлігін қалпына келтіремін деп 257 мың теңге, тағы бір азаматқа жұмысқа орналастыруды уәде етіп, 450 мың теңге алған.

Одан бөлек, Қандыағаштағы саябақ пен скверді күтіп ұстау конкурсына қатысқан азаматқа көмектесемін деген желеумен тағы 1 млн теңге иемденген.

Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалды толық өтеген. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Ақпаратты Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі таратты.

Оқи отырыңыз: Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты іс сотқа жолданды