Ақтөбеде түрме ішіндегі бейнебақылау камерасын сындырған адам қайта сотталды

23.07.2025 14:09

Бұл камера ішкі тәртіп режимін бақылауға арналған

Joshua katt/unsplash.com/

Адам өлтіріп, ұрлық жасап, тонаумен айналысқан екі жазасын өтеуші № 8 түзету мекемесінің бейнебақылау камерасын сындырған. Екеуінің де жазасы ауырлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақтөбе облыстық прокуратурасының арнайы прокурорлары №8 мекемесінде жазасын өтіп отырған А.Жармұханов және Р.Жұмашевқа қатысты істі тергеді. Іс Қылмыстық кодекстің 428-1-бабы 3-бөлігімен (Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде, тергеу изоляторларында, уақытша ұстау изоляторларында бейнебақылау жүйесін, сол сияқты оның компоненттерін қасақана жою немесе бүлдіру) қозғалды. 

"2024 жылы қараша айында кісі өлтіргені үшін сотталған А.Жармұханов және тонап, ұрлық жасағаны үшін сотталған Р.Жұмашев бірлесіп, Ақтөбе қаласындағы № 8 мекемесінің бейнебақылау камерасын бүлдіреді. Бұл камера ішкі тәртіп режимін бақылауға арналған. Жазасын өтеуші А.Жармұханов оны серуендеу алаңында қасақана істен шығарған. Ақтөбе қаласының № 2 соты сотталғандарды кінәлі деп танып, бұрынғы тағайындалған жазаларды қосып 7 және 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", — деп хабарлады Ақтөбе облыстық прокуратурасы.

Оқи отырыңыз: Айбоз: ұлттық әдеби сыйлығына өтінім қай уақытқа дейін қабылданады