Ақылды қала: Алматыда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қалай жүзеге асуда

2025 жылы шаһарды цифрландыруға 16 миллиард теңгеден аса қаражат бөлмек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы билігі 2025 жылы шаһарды цифрландыруға 16 миллиард теңгеден аса қаражат бөлмек. Бұл қаржының басым бөлігі қаладағы «Сергек» камералары мен 6 мыңнан аса бейнебақылау жүйесінің қызметін жақсартуға бағытталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.

Алматы халқының жайлы ортада өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын кешенді шешім қабылданып келеді. Соңғы уақытта қаланың цифрлық әлеуетін арттыруға басымдық беріліп отыр. Былтыр шаһар билігі мегаполистегі балабақшалар мен мектептерде қауіпсіздікті күшейту үшін ақылды бейнекамералар орнатты. Қазір қаладағы 45 мың камера бір жүйеге тоғыстырылған.

Ал келер жылдың соңына дейін олардың санын 70 мыңға жеткізу көзделген. Өйткені дәл осы құрылғылардың көмегімен бір жыл ішінде ауыр қылмыс жасады деген 10 шақты күдікті, алаяқтар мен қылмыскерлер ұсталған. Жүйе құқық қорғау органдарының мәліметтер базасымен де біріктірілгенін, айта кетейік. Ал онда іздеуде жүрген азаматтар жайлы 13 мың жазба бар. Жыл соңына дейін мұнда тағы 64 денсаулық сақтау нысанын қосу жоспарланған.

Сондай-ақ қалада 2017 жылдан бері «Сергек» аппараттық-бағдарламалық құрылғылары жұмыс істейтіні белгілі. Қазір мегаполистің түкпір-түкпірінде 1600-ден аса кешен іске қосылған, 9 мыңнан аса камера қауіпсіздікті бақылайды. Құрылғының тиімділігі сол – жүргізушілер айыппұл арқаламау үшін жол ережесін көп бұзбайтын болған. Нәтижесінде көлік апаты 17, ал өлім 40 пайызға азайған.

"Бұл бейнебақылау платформасына сараптама жасау модулі енгізілген. Яғни, жүйе жасанды интеллект арқылы кез келген адамның бет-әлпетін тани алады. Алматыда мұндай камералар 1 желтоқсаннан бастап іске қосылған. Биыл құрылғылардың арқасында 2 мыңнан аса қылмыстың беті ашылып, 15 мыңнан аса қоғамдық тыныштықты бұзу дерегі тіркелді. Жүйені жақсарта түсу үшін биыл 350 миллион теңге бөлдік. Алдағы уақытта да қаржыландыру жалғаса береді", – деді Алматы қалалық Цифрландыру басқармасының бас маманы Әбдіғаппар Имаділдә.

Бейнебақылау жүйесінен бөлек, Алматыда цифрлық жобалар мен ІТ-экожүйелерді дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл бағытта соңғы 2 жылда 7 мыңға жуық маманның қатысуымен ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, 19 миллион доллардан аса инвестиция тартылған. Ал стартаптардың жалпы табысы 5 миллиард теңгеден асқан. Сондай-ақ цифрлық салаға ден қойған отандастарымыздың қатары көбейген. Қазір олардың саны 180 мыңнан асады. Тағы 100 мыңнан аса маман арнайы оқу курстарынан өтіп, білімін жетілдірген. Ал 55 адам «Диджитал Урбан Плэннер», «Смарт Сити Инжиниир» бағдарламаларын игеріп, қаланы көркейтуге бағытталған жобасын ұсынуда.

Цифрлық саланың дамуы – еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды фактор. БҰҰ-ның мәліметінше, Қазақстан дәл осы бағытта айтарлықтай жетістікке жетіп, көш бастап тұрған 193 мемлекеттің арасында 24- орынға тұрақтаған. Ал онлайн қызметтер индексі бойынша біздің ел үздік ондыққа кіреді. Интернет арқылы мемлекеттік қызметтерге қолжетімділік көрсеткіші де 92 пайызға жеткен. Экономикалық бағыт болсын, әлеуметтік сала болсын, халықтың өзі цифрландырылған жүйеге қызығушылық танытып, сұраныстың артқаны байқалады.

Бүгінде елде ІТ-мекемелердің қатары көбейген. Соңғы жылдары олардың саны 16 пайызға өскен. Бұл салада 18 мыңнан аса компания жұмыс істейді десек, тек елордадағы халықаралық Astana Hub технопаркі мыңнан аса отандық және 437 шетелдік компаниялардың басын біріктіріп отыр. Ал олардың табысы соңғы 5 жылда 31 есе өсіп, 1 триллион 200 миллиард теңгеге жуықтаған.

Цифрлық технологиялардың экспорты да жолға жойылған. Биыл одан түскен пайда 140 миллиард теңгеден асқан. Ал шет мемлекетте көрсетілген ІТ-қызметтен 300 миллион доллар төңірегінде пайда келген. 2026 жылға қарай бұл табысты 1 миллиард долларға жеткізу көзделген. Қазақстанның 86 елде цифрлық қызмет көрсетуі – отандық мамандарға деген сұраныстың жоғары екеніне және біздің компаниялардың жаһандық бәсекеге қабілетті екеніне дәлел болып отыр.

Оқи отырыңыз: Премьер-министр авиациялық қауіпсіздікті күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді

Новости партнеров