«7-20-25» бағдарламасы арқылы үй алып берем деп, уәдені үйіп төгетін алаяқтар көбейді. Қазақстанның орнықтылық қоры азаматтарды баспана аларда аса сақ болуға шақырады. Өйткені кезекті «жеңілдетем», орынды «брондаймын» деп заңсыз қызметіне ақы сұрайтындардың қулығына құрық бойламай тұр. Үйлі боламын деп, бар жиғанын күмәнді көмекшіге аударып бермес үшін не істеу керек?
Осы және өзге сұрақтарға Almaty.tv-дің студия қонағы қаржы сарапшысы Айбар Олжай жауап береді.
- Айбар Қайнарұлы, Қазақстанның орнықтылық қоры алаяқтардан сақ болыңдар деп дабыл қағып жатыр. Әсіресе, ең танымал «7-20-25» бағдарламасымен үй алып берем дейтіндер көбейіпті. Бұның себебі не?
«Еліміздегі барлық секторда қай жерде ақша көп болса сол жерде алаяқтар көп. Бұл - танымал бағдарламалардың бірі. Оны сот шешімінен де басқасынан да көріп жүрміз. Біздің кол центрге де хабарласып шағым айтады. Жылда осы ескертуді қайталап келеміз. Алаяқтардан сақ болу керек. Жеке деректі ешкімге бермеу керек. Ешкімге ақша аудармау керек. «7-20-25» бағдарламасы өте қарапайым. Цифрлі онлайнға көшірілген. 8 жылдан бері қолданылып келеді. Ол бағдарлама қатысу үшін ешкімге ақша аударудың қажеті жоқ, бәрі тегін. Өзіңіз банктен ипотека алып, үйіңізге қоныстана аласыз».
- Көмектесемін деп арада шауып жүрген адамның не құрылыс компаниясына немесе бағдарламаға қатысы болады. Мүмкін жұмысты ішкі тексерістерден бастау керек шығар?
«Негізі онлайн формат иә делдалдардың жолын кесу керек. Барлығы автоматтандырылған. Ол шешімге ешкім үшінші тараптан қатыса алмайды. Бірақ азаматтар өте сенгіш келеді. Алаяқтар деген психолог қой «өзің барсаң ала алмайсың, кезектен өтпей қаласың, маған осынша ақша бере сал көмектесем» дейді. Бұл - барлық мемлекеттік бағдарлама төңірегінде болатын, болып жатқан дүние. Өйткені олар осы бағдарламаның адамдарға керек екенін жақсы пайдаланады».
- Қазір бәрі онлайн форматқа көшіп жатыр. Бұл делдалдардың жолын кесуі керек еді ғой?
«Бізде үнемі ішкі тексеру банктің ішкі қауіпсіздік қызметі тексерісті жүргізіп тұрады. Бірақ басқа ұйымның ішіне кіре алмаймыз. Бірақ басшылардың басшыларымен үнемі жиналып талқылап тұрамыз, олардың осыған күнде назар аударып, дұрыс жұмыс атқаруынт сұраймыз. Құрылыс компаниясы - жеке сектор. Олар өздерінің үйлерін сатқысы келсе, сатады. Олардың менеджерлері ақша сұрап жатса, бірден басшыларына шағым айтыңыздар деп қазір ескертіп кеңес беріп отырмыз».
- Алданып қалмас үшін нені ескеру қажет? Кеңесіңізбен бөліссеңіз?
«Алданып қалмаудың негізгі бірнеше принциптері бар. Ең бірінші жеке деректерді ешкімге бермеу, көрсетпеу. ЖСН, банк карточкаларының нөмірі. Код келсе, ешкімге хабарламау. Ол сіздің барлық ақшаңызды немесе сіздің атыңызға кредит алып тастауы да мүмкін. Тағы бір мәселе - ешкімге ақша бермеу. Себебі құзырлы органдар, мемлекеттік мекемелер, басқа да осы бағдарламаны жүргізіп отырған менеджерлер ешқашан ақша сұрамайды. Егер комиссия болса, арнайы түбіртегін беріп ресми түрде төлем жасалады. Ешкімнің сөзіне сенбеу керек. Егер мәселені шешем деген адамға сіз ақша жіберсеңіз ол алақятардың қолына түседі. Таныстардың, достардың атынан күдікті қоңырау болса, бірден бұғаттаңыздар. Осы принциптерді сақтаса,адам қорғаныстың бірінші сатысында болады».
Оқи отырыңыз: Несиені ресімдер алдында нені білу керек