Полиция дерегінше, жыл басынан бері облыста 442 интернет-алаяқтық тіркелген
Түркістан облысында 63 жастағы зейнеткер 13 миллион теңгесін алаяқтарға өз қолымен беріп жіберген. Өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкеріміз деп таныстырған қылмыскерлер қарияны қорқытып-үркітіп, бар ақшасын аудартқызған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Атын атамауды өтінген зейнеткерге телефон соққан бейтаныс адамдар өзін қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде таныстырған. Олар шотындағы ақшаны басқа есепшотқа жедел аударуды талап етіп, айтқанына көнбесе, «15 жылға сотталасың» деп қорқытқан. Оның қолында барлық дерегі болған соң, қария сеніп қалған. Нәтижесінде 8 миллион теңгесін аударып қана қоймай, тағы 5 миллион несие рәсімдеуге мәжбүр болған.
«Өзін тергеуші ретінде таныстырған адам хабарласты. Ол менің банк есепшотымнан қомақты қаржы лаңкестік топқа аударылғанын айтып, 15 жылға сотталатынымды жеткізді. Қатты қорыққандықтан, олардың айтқанын орындадым. 2-3 күн өткенде олармен байланыс үзілді, сол кезде алаяқтарға алданғанымды білдім», – деді жәбірленуші.
Қазір бұл іске қатысты екі күдікті ұсталған. Бірақ тек 2,5 миллион теңге қайтарылған. Полиция дерегінше, жыл басынан бері облыста 442 интернет-алаяқтық тіркелген. Жалпы шығын – 800 миллион теңге. Оның тек 257 миллионы өндірілген.
«8 айдың қорытындысына сәйкес, Түркістан облысы аумағында 442 интернет алаяқтық дерегі тіркелді. Оларды саралау барысында жәбірленушілерге 800 млн астам шығын келтірілген болатын. Жедел іздестіру барысында 128 дерек ашылып, сотқа жолданды», – деді Түркістан облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ермек Шәкім.
Мамандардың сөзінше, қауіп енді күшейіп барады. Себебі бұған дейін тек қоңырау шалумен шектелетін алаяқтар енді жасанды интеллектіні пайдаланып жатыр. Адамның дауысын, бейнесін көшіріп, сенімге кіріп, арбап ақша алады. Өмірәлі Дәрібаев та – солардың құрбаны. Ол SIM картасының қызмет ету мерзімін ұзартамын деп 7 миллион теңгесінен айырылып қалған.
«Құпия код жібереміз, айтыңыз деген. Айтым, артынша хабарласты. Халық банк қызметкерімін деп таныстырып, менің атымнан үлкен мөлшерде кредит алынып жатқананын айтты. Сөйтсем олар алаяқ екен. Менің атыма 7 млн 143 мың теңге несие алынған», – деді жәбірленуші Өмірәлі Дәрібаев.
Елімізде өткен жеті айдың ішінде 13 мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Азаматтар көбіне сайт арқылы тауар сатып аларда, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жалған хабарландыруға алданып қалған. Құзырлы органдар кез келген адамға ақша аудармауға, дербес деректерді тартпауға кеңес береді. Сондай-ақ полиция күмәнді сілтемелерге кірмеуді, спам-хабарламаларды ашпауды ескертті.
Нұркен Әшіров, Мақсат Күнібек, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру дерегі анықталды