Алаяқтың құрбаны: ақтөбелік тұрғындар 16 миллион теңгеден айырылған

Ақтөбе облыстық сотының дерегінше, алаяқтық жасады деп айыпталған әйел бұған дейін 6 рет шартты жаза алған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеде бір топ тұрғын алаяқтықтың құрбаны болып, жалпы сомасы 16 миллион теңгесінен айырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жәбірленушілер екі жылдан бері ақшаларын қайтара алмай сенделіп жүр. Олардың айтуынша, бұрын мұғалім болып істеген әйел жеңілдетілген ипотека рәсімдеу, жоғары оқу орындарына тегін түсіру және бизнес бастауға грант алып беру сынды қызметтерін ұсынған. Бұл үшін ол бірнеше жүз мыңнан бірнеше миллион теңгеге дейін алған. 2023 жылы күдікті жетінші рет «Алаяқтық» бабы бойынша сотталып, тұрғындарға келтірген шығынды өтеп беруге міндеттелген. Алайда арада 2 жыл өтсе де, зардап шеккендер қолына бір тиын да алмағанын айтты.

«Несие алып, миллион теңгені аударып жібердік. Қараша айында сот болды. «Ақпанға дейін төлеймін» деді «Маған ештеңе істей алмайсыңдар, баратын жеріңе барыңдар» деді. Бір тиын беретін ойында жоқ», – деді жәбірленуші Жайнагүл Сүйеуова

 «Мен – мүмкіндігі шектеулі баланың анасымын. Ол ең әлсіз тұсымды пайдаланып, сеніміме кірді. Балаңыз оңалту орталығында ем қабылдасын, сол үшін сіз орталық ашыңыз деп көндірді. Біз 5 миллион 815 мың санап бердік. Бұл сомаға бизнес-жоспар, барлық қажетті құжаттар кіретінін айтты. Алайда уәдесін орындамай, тайып тұрды», – деді жәбірленуші Назгүл Сапарова.

Ақтөбе облыстық сотының дерегінше, алаяқтық жасады деп айыпталған әйел бұған дейін 6 рет шартты жаза алған. Екі жыл бұрын оған нақты 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса да, бес кішкентай баласының бар екені ескеріліп, жазаны өтеу мерзімі 2026 жылға шегерілген.

 «Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігі негізінде бостандығынан айыру туралы жазасы орындауы 3 жыл мерзімге кейінге қалдырылды. Жәбірленушілердің талап арыздары толық қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген соң, жеке сот орындаушылары палатасына орындау үшін жолданды», – деді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Жансая Таирова.

Оқи отырыңыз: БЖЗҚ: тіс дәрігерлері заңсыз 15 теміртұлпар сатып алған

Новости партнеров