Alatau City: жобаға салынған қаражат қай салаларға бағытталмақ

18.09.2025 18:06

Alatau City-дің Алматыға жақын орналасуы жобаның перспективасын күшейтеді

Биыл Қазақстанға 6,6 миллиард доллар инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2 пайызға көп, деп хабарлайды Almatyt.tv тілшісі.

Еліміздің қай саласы болмасын, қаржы тарту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанға келген шетелдік инвестиция ағыны 2021-2022 жылдары көп болған. Бірақ сол кезде жаһандық нарық түрлі геосаяси күйзелістерді бастан кешіп жатты. Ал 2023-2024-те жағдай тұрақталғанымен, керісінше, антирекордқа дейін төмендеген. Алайда биыл айтарлықтай оң динамика байқалып отыр.

Биыл Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 6,6 миллиард долларды құраған. Ал былтыр көрсеткіш 6,1 миллиард доллардың төңірегінде болған. Шет мемлекеттердің қалталы азаматтары қаржыны негізінен Алматы мен Астанаға бағыттайды. 2025 жылдың бірінші тоқсанында-ақ екі мегаполиске түскен пайда 3 пен 1,1 миллиард долларға жеткен.

Батыс пен Шығыс Қазақстан, Маңғыстау мен Алматы облыстары да инвесторлар үшін тартымды аймақтар болып тұр. Алайда сарапшылардың пікірінше, инвестицияларды тартуда жекелеген өңірлерді дамытудың маңызы зор. Бұл ретте жаңа Алатау қаласын Алматы облысынан бөліп қарастырудың өзі – айрықша маңызға ие. Халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы да баса айтқан. Президент өз сөзінде Alatau City-ді - инвестициялар мен технологияларды тарту полюсі, салынып жатқан озық даму қаласы ретінде атап өтті.

Алайда бұл бастама қалай жүзеге аспақ? Бүгінде Алатау қаласында ерекше тартымды жағдайы бар арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасымен шаһардың тікелей Үкіметке бағынатын арнайы мәртебесі болады. Бұл өз кезегінде қалталы шетелдіктердің Алатауға деген қызығушылығын арттырып, мемлекетке деген сенімді күшейтеді. Ал қомақты қаражат «ақылды» экономикаға жұмсалады. Қазірдің өзінде халықаралық инвесторлармен, соның ішінде Оңтүстік Корея, Сингапур, АҚШ пен Таяу Шығыс, Қытай секілді елдермен көп миллиардтық келісімдерге қол қойылды.

Бүгінде Алматы облысының экономикасы негізінен шикізаттық емес секторларға негізделген. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік логистикасы, құрылыс, білім беру және тағы да басқалары маңызды рөл атқарады. Оларға тартылған инвестиция көлемі жалпы өңірлік өнімнің 79,9 пайызын құрайды. Алайда IT, қаржы-техника, биотехнология, креативті индустрия секілді салалар әлі де әлсіз. Сондықтан дәл осы бағыттар Alatau City жобасының негізіне алынған. Бұл – бар өндірісті кеңейту емес, өңір экономикасын қайта құру деген сөз. Яғни, болашақта аграрлық сектор, өнеркәсіп пен логистика жаңа технологиялармен біріктіріліп, бәсекеге қабілеттілікті түбегейлі басқа деңгейге көтереді. Сарапшылардың айтуынша, тек өңірдің емес, тұтас елдің дамуына, әлемдік цифрлық нарықта қауқарлы болуына жол ашады.

«Алматы қаласына серік ретінде дамиды. Жаңа технология, ақылды технологиялардың негізі сол жерде болады деген жоспар бар. Қытай инвестициясы тартылып жатыр. Қаланың дамса, белгілі бір дәрежеде Алматы қаласына да инфрақұрылымдық жағынан түсетін азаяды», – деді  экономист Мақсат Халық.

Alatau City-дің Алматыға жақын орналасуы – жобаның перспективасын күшейтеді. Яғни, жаңа қалада кәсіп үшін қолайлы жағдайлар жасалып, еркін алаңдар құрылады. Бұл Алматыдағы бизнес өкілдерінің бір бөлігін Alatau City-гекөшіріп, ісін кеңейтуіне мүмкіндік береді. Сәйкесінше, мегаполистің жүктемесі азаяды, ал облыстың инвестициялық әлеуеті артады. Жаңа қаланың тағы бір артықшылығы – оның стратегиялық орны. Қала Орталық Азияның негізгі сауда жолдарының торабында тұрғандықтан, табиғи логистикалық хабқа айналады. Ал бұл Қытай мен Еуропаға құрлықтық бағыттар ашуға мүмкіндік береді. Осылайша, Alatau City - жаңа іскерлік орталық қана емес, Алматы облысының трансформациясының катализаторына, болашақ Қазақстанның үлгісіне айналмақ.

Оқи отырыңыз: Жер дауы: Түркістан облысында тұрғындардың жер теліміне неліктен екінші рет құжат рәсімделген