Алатау қаласында K-PARK мәдени-іскерлік орталығының іргетасы қаланды

12.09.2025 21:42

Жоба құрылысы жеке инвесторлардың көмегімен жүргізіледі

Алатау қаласында K-PARK мәдени-іскерлік орталығының іргетасы қаланды. Бастама елдегі корей қауымдастығының қазақ халқына құрметі мен ризашылығын көрсетіп, екі ұлттың байланысын нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстандағы корей халқының алаш даласына қоныстанғаны биыл 90 жыл толып отыр. Айтулы мерейтойға орай, ұлт қауымдастығы жұртшылықпен бірге жаңа қала – Алатауда мәдени-іскерлік орталықтың іргетасын қалады. Аумағы 10 гектарға созылатын K-PARK шаһардың ең басты символдарының біріне айналмақ.

Екі жылдан аймақта мәдени нысандар бой көтереді. Кітапхана мен мұражай және арт-нысандар салынып, 40 мың шаршы метр аумақта жасыл желек жайқалады. К-park Алматы қаласына да жақын болмақ. Орталық мегаполистен небәрі 11 шақырым жерде орналасады, демалыс орындарының тапшылығын азайтуға жағдай жасайды.

«Алатау Ситидің негізі осындай инвестициялық бастамаларда жатыр. Сол себепті, инвесторларға қолайлы жағдай жасау – ең басты міндетіміз. Ел Президенті де бұл шаһарға айрықша көңіл бөліп отыр. Бұл жалпыұлттық әрі келешегі маңызды жоба болғандықтан, цифрлық бағытқа да назар аударылады. Бір атап өтерлігі, іске толықтай қазақстандық архитекторлар қатысты», – деді Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы Юрий Цхай

Орталық аумағында қазақ-корей мәдениетінің үндестігін бейнелейтін бақ ашылып, дәстүрлі корей үйі – ханок та салынып, «Өмір ағашы» арт-нысаны бой көтереді. Балаларға арналған алаң мен спорт кеңістігі, қыста мұз айдыны келушілерге қызмет көрсетеді.

«15-16 қазанда Сеулде Алатау қаласының халықаралық таныстырылымы өтеді. Бұған дейін Сингапурда өтті. Сондықтан да бұл қаланы салуға АҚШ, Сингапур, Корея, Сауд Арабиясынан және Қытайдың инвесторлары қатысатын болады», – деді Alatau city development group өкілі Мирас Құттыбай.

 Жылына 3,5 миллионға жуық қонақ қабылдай алатын K-PARK 2027 жылдың күзінде ашылады. Орталық Азиядағы бірегей кешен – Алматы облысының мәдени және туристік орталығына айналып, елдегі жаңа үлгідегі жобалардың бастауы болмақ.

Рүстем Айткәрім, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Алматы облысындағы автобус апаты: ауыл жұрты оқушыларды тасымалдайтын көлікті жалдауға мәжбүр болған