Депутат заманға сай қаланың басты нәтижесі тұрғындардың күнделікті өмірінен көрінуі қажет екенін айтты
Алатау қаласының дамуын тек инвестициямен және жаңа технологиялармен емес, тұрғындардың күнделікті өмір сапасымен де бағалау ұсынылды. «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған депутаттық сауалында қаланың инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымын қатар дамытудың маңызын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыруға, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды экономиканың барлық саласына енгізуге ерекше мән беріп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Алатау қаласы технологиялық жаңғырудың нақты үлгісіне айналуы тиіс.
Алайда Smart City ұғымы тек цифрлық технологиялар мен заманауи нысандармен шектелмеуі керек. Оның басты нәтижесі тұрғындардың күнделікті өмірінен көрінуі қажет.
«Алатау – кезекті жаңа қала ғана емес, ол еліміздің технологиялық және экономикалық жаңғыруының маңызды алғышарттарының бірі. Сондықтан Smart City ең алдымен smart өмір сүру ортасын қалыптастыруы тиіс. Қала құрамына енген елдімекендердің халқы базалық инфрақұрылым мәселесімен әлі бетпе-бет келіп тұр. Цифрлық трансформацияның толық нәтижесі туралы айту да қиындау. Сондықтан Алатаудың дамуын жаңа технологиялық нысандармен ғана емес, халықтың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістермен ұштастыру маңызды», – деді Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов.
Депутаттың айтуынша, Еңбек және Жетіген елдімекендерінде соңғы жылдары бірқатар мәселе шешілген. Атап айтқанда, «Келешек мектеп» салынды, фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылды, газ желілері тартылды. Жолдар мен электр желілерін жаңарту жұмыстары басталып, Жетігендегі теміржол өткелінің мәселесі жаңа көпірдің іске қосылуымен шешілген.
Сонымен бірге кей көшелерде абаттандыру жұмыстары аяқталмаған. Газ желісіне қосылу құны тұрғындар үшін қымбат, ал әлеуметтік нысандарға білікті мамандар тарту мәселесі өзекті болып отыр.
Жанарбек Әшімжанов цифрлық мемлекет құру тек жаңа электронды қызметтер мен камералар енгізумен шектелмеуі керек екенін атап өтті. Оның пікірінше, цифрландыру азаматтың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді етуге және инфрақұрылымды тиімді басқаруға мүмкіндік беруі тиіс.
«Цифрлық мемлекет құру – тек қосымша камера немесе электронды қызмет енгізу емес. Оның мәні – азаматтың уақытын үнемдеу, мемлекеттік қызметті қолжетімді ету, инфрақұрылымды тиімді басқару және шешім қабылдауды нақты деректерге негіздеу, жалпы халықтың өмір сүруіне қолайлы орта жасақтау. Сондықтан Алатау Smart City жобасы қала орталығындағы технологиялық шешімдермен ғана шектелмей, оның электрондық-әлеуметтік мүмкіндігі қала құрамына кіретін барлық елді мекендерге жетуі қажет», – деді Жанарбек Әшімжанов.
Осыған байланысты депутат Үкіметке Алатау қаласының барлық елді мекенін қамтитын инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай жоспарын бекітуді ұсынды.
Сонымен қатар мектептер мен медициналық нысандарды қажетті мамандармен қамтамасыз ету, цифрлық мемлекеттік қызметтерді барлық елді мекенге кезең-кезеңімен енгізу мәселесі көтерілді.
Депутат Алатау қаласының тиімділігін тек тартылған инвестиция көлемімен бағаламай, тұрғындардың өмір сапасы, инфрақұрылымға қолжетімділігі және мемлекеттік қызметтердің сапасы арқылы өлшейтін нақты көрсеткіштер жүйесін енгізуді сұрады.
Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, бұл тәсіл Алатаудың технологиялық дамуымен қатар, қала құрамына кіретін барлық елді мекен тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Жаңбыр жауып, жел күшейеді: алдағы күндері ауа райы қалай өзгереді