Алдағы күндері 45 градусқа дейін күн ысиды: дәрігерлер ескерту жасады

08.07.2026 19:53

Мамандар 40 градустық аптап кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді

Алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде аптап ыстық болып, ауа температурасы 45 градусқа дейін жетеді. Синоптиктердің болжамынша, ең жоғары температура республиканың оңтүстік өңірлерінде тіркеледі. Кей аймақтарда жедел жәрдем қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Себебі ауа температурасы көтерілген сайын дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндер саны да артқан. Аптап ыстық кімдер үшін аса қауіпті? Неліктен 40 градустық ыстықтан кейін бірден салқын суға түсуге болмайды? Бұл туралы Аlmaty.tv тілшісі тарқатады.

Шілденің аптап ыстығы басталғалы бері қазақстандықтар жедел жәрдем қызметіне жиі жүгінетін болған. Мәселен, Қостанай облысында соңғы аптада шақыртулар саны орта есеппен тәулігіне 200-ге көбейген. Дәрігерлердің айтуынша, аптап ыстық кезінде ағзаның қызып кетуі, бұлшықеттердің құрысуы және күн өту қаупі артады. Сонымен қатар қатты шөлдеу әлсіздікке, бас ауруына және ашушаңдыққа себеп болуы мүмкін.

«Бұл, ең алдымен, ауа температурасының жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін. Соңғы күндері жедел жәрдем бригадалары күн өту белгілері бойынша 35 шақыртуға барған. Сондай-ақ ыстық күндері жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдардың, қарттар мен балалардың жағдайының нашарлауына байланысты шақыртулар саны артады», — деді «Қостанай облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» КМК баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.

Алдағы үш күнде елімізде аптап ыстық одан әрі күшейеді. Осыған байланысты су айдындарының жағалауы демалушыларға толып, құтқарушылар қауіпсіздік шараларын күшейтіп, профилактикалық рейдтер өткізіп жатыр. Мамандар судағы қауіпсіздік ережелерін сақтаумен қатар, күн астында қатты қызғаннан кейін бірден салқын суға түспеуге кеңес береді. Себебі температураның күрт ауысуы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

«Шомылу – өте жауапты әрі қауіпті процесс. Адам аптап ыстықтан кейін бірден суға түссе, температураның күрт өзгеруінен қан тамырлары мен бұлшықеттер түйіліп, аяқ-қолдың құрысуына себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түсу өте қауіпті. Бұл адамның қауіп-қатерді бағалау қабілетін төмендетеді», — деді ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының шұғыл әрекет ету бригадасының дәрігері Ислам Хабибулла.

Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің батысы мен солтүстік-батысында жаңбыр жауып, кей жерлерде бұршақ түсіп, екпінді жел соғады. Шығыс өңірлерде де нөсер жаңбыр күтіледі. Алайда бұл – аптап ыстықтың алдындағы уақытша құбылыс. Алдағы бірнеше күнде республиканың басым бөлігінде күн райы бұрынғыдан да ыси түседі.

«Күндізгі ауа температурасы қатты және өте қатты ыстық деңгейіне жетеді. Елдің батысы мен оңтүстік-шығысында +33…+42 градусқа дейін, солтүстік-батысында, солтүстігі мен орталығында +32…+40 градусқа дейін, оңтүстігінде +38…+45 градусқа дейін, ал шығысында +30…+38 градусқа дейін көтеріледі», — деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.

Мамандар 40 градустық аптап кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді. Атап айтқанда, сағат 12:00 мен 16:00 аралығында күн астында ұзақ жүрмеу, көбірек су ішу және міндетті түрде бас киім кию қажет. Сондай-ақ балаларға ауыр тағамды көп бермей, оларды су жағасында немесе жабық автокөліктің ішінде қараусыз қалдырмау керек.

Оқи отырыңыз: Университетке есімі беріледі: Төрегелді Шармановтың ұлы Президентке алғыс білдірді