Алдағы маусымда үш түрлі тұмау таралуы мүмкін: тұрғындар тегін вакцина ала алады

Қазақстанда инфекциялық аурулар азайғанымен, балалар арасында қауіп сақталып отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл елде инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қаңтар-тамыз айларында қызылшаға шалдығу өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 91 пайызға азайған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Дегенмен жағдай әлі де алаңдатарлық. Себебі науқастардың басым бөлігі бес жасқа дейінгі балалар және олардың көпшілігі, яғни 75 пайызы екпе алмағандар екен. Осыған ұқсас жағдай көкжөтел бойынша да байқалады. Сырқаттану дерегі былтырғы есепке қарағанда сегіз есе азайғанымен, дерт балалар арасында кең таралып жатқан көрінеді. Оған қоса, олардың 90 пайызы - вакцина салдырмағандар. Мамандар бұл көрсеткіштер уақытылы жүргізілетін екпенің маңызын тағы бір мәрте дәлелдеп отырғанын айтады.  

«Мамандар эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін жоспарлы және қосымша иммундау жұмыстарын жалғастыруда. Биыл қызылшаға қарсы 191 мыңнан астам, ал көкжөтел, дифтерия және сіреспеге қарсы 235 мыңнан астам бала егілген. Сондай-ақ жоспарлы вакциналау аясында сегіз айдың ішінде 1 жасқа толған 220 мыңнан астам және 6 жасар 225 мыңнан астам балаға қызылша, қызамық және паротитке қарсы екпе салынды», - деді ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алдағы маусымда үш түрлі тұмау таралуы мүмкін деп отыр. Олар: А типіндегі «шошқа тұмауы», «гонконг тұмауы» және В типіндегі тұмау. Осы вирустардан қорғану шаралары биылғы маусымдық вакцинаның құрамына енгізілген. Халықты індеттен сақтау үшін мемлекет 2,1 миллион доза ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасын сатып алып, оны тұрғындарға тегін егуді жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз: Елімізде қандай өңірлік тұрғын үй жобалары бар және шарттары қандай

Новости партнеров