Алдап әкетіп, зорлық көрсеткен: 16 жастағы қызды қорлаған 2 әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды

04.09.2025 21:59

Олар жасөспірімді шешіндіріп, суға батырып, денесін темекі тұқылымен күйдіріп, жыныстық сипаттағы әрекет жасаған

Алматы облысында 16 жастағы қызды үйінен алдап әкетіп, зорлық-зомбылық көрсеткен 2 әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv ілшісі.

Жаға ұстатарлық жағдай 16 тамызда Еңбекшіқазақ ауданында болған. Жәбірленушінің анасының сөзінше, күдікті екеуі бастапқыда қызын аулаға жай ғана сөйлеуге шақырған. Бірақ артынша көлікке күштеп отырғызып, ауыл сыртындағы көлдің жағасына апарған. Онда жасөспірімді шешіндіріп, суға батырып, денесін темекі тұқылымен күйдіріп, жыныстық сипаттағы әрекеттер жасаған.

«Қызымды бірнеше рет суға батырады. Кейін жағаға алып шығып, толықтай шешіндіріп, ұрып-соғады. Содан кейін таяқпен жыныстық зорлық-зомбылық көрсетеді. Ең сорақасы, бұл әрекеттерінің барлығын видеоға түсіріп тұрған. Аяқтарынан, қолдарынан сүюге мәжбүрлейді. Қызым олардан жалынып, жіберуін сұрайды. Бірақ олар сол әрекетін жалғастыра береді», – деді жәбірленушінің анасы Индира.

Қыздың анасының айтуынша, екі әйел жасөспірімге бұл жағдай жайлы ешкімге тіс жармауын, егер айтар болса, түсірілген бейнежазбаларды тарататындарын айтып қорқытқан. Тіпті ол үшін 3 миллион ақша сұраған көрінеді.

«Бұл әрекеттің барлығы жігіт үшін жасалған. Яғни менің қызыма екі әйелдің бірінің кездесіп жүрген жігіті жазады, ал қызым ойында ештеңесі жоқ жауап береді. Бұлар соған килігіп, қызыма осындай зорлық-зомбылық көрсетті. Қайта менің қызыммен қарым-қатынасым жақсы, ал егер басқаша болса, ол маған бұның бірін де айтпас еді», – деді жәбірленушінің анасы Индира.

Бұл оқиғадан кейін әйел бірден қызын жетектеп, полицияға арыз жазған. Құзырлы орган қызметкерлерінен бұл жағдайдың жабық түрде қаралуын талап еткен. Алайда арызы ауылға тарап кеткен.

«Қызым кәмелет жасқа толмағандықтан, бұл істің жабық түрде қаралғанын қаладым, талап еттім. Бірақ менің бұл талап-тілегім орындалмады. Полицейлер арызымды жан-жаққа таратып жіберді», – деді жәбірленушінің анасы Индира.

Ал Алматы облыстық Полиция департаменті аталған іске қатысты кәмелетке толмағанға дене жарақатын салу және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекетін жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Бұнымен қоса, жеке деректер жария болды деген мәліметтер тексеріліп жатыр.

«Екі күдікті әйел құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізілуде. Кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады», – деді Алматы облыстық Полиция департаментінің бөлім басшысы Ернар Сәйділдин.

Айта кетейік, еліміздің заңына сәйкес, егер күдікті екеудің кінәсі бар екені анықталса, олар денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін 2 жыл, ал, жыныстық сипаттағы әрекет көрсеткені үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Диана Тұрлыбек, Ханкелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Жол қауіпсіздігі: Алматыда 54 мыңнан астам бейнекамера жұмыс істейді