Шығармашылық топ жарты жылға жуық уақыт бойы мұрағат ақтарып, тарихи деректерді жинаған
Абай күні қарсаңында мыңдаған алматылық ұлы тұлғаның «Алғашқы кітап» докудрама жанрында түсірілген деректі фильмін тамашалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ашық аспан астында көрсетілген «Алғашқы кітап» деректі фильмі Абай Құнанбайұлының тұңғыш жинағының жарық көру тарихына арналған. Туындыда ұлы тұлға көзі тірісінде шығармаларын жинақтап, кітап етіп шығаруға талпынды ма, жинақты кімдер дайындады, баспа жұмысы қалай жүрді? Сондай-ақ кітап неге Семейде емес, алыстағы Петерборда басылды, кітапты шығару ісінде қандай кедергілер болғаны жайлы айтылады.
«Небәрі 20 жылдың ішінде қазақтың этикалық танымын, көркемдік ойын, тілін кереметтей биікке көтерген, түркі жұрты жетпеген үлкен асуға жеткізген ұлы Абайдың алғашқы кітабының шығу тарихын баян етеді. Тағдыры қилы болған. Қазақтың ғазиз азаматтары, аяулы ұлдары Шәкәрім, Кәкітай, Тұрағұл, Әлихандар болмағанда, бізге Абай жетпеуі де мүмкін еді», – деді «Алғашқы кітап» фильмінің сценарисі Базарбек Атығай.
Фильмнің түсірілім жұмыстары былтыр күзде басталды. Шығармашылық топ жарты жылға жуық уақыт бойы мұрағат ақтарып, тарихи деректерді жинаған. Туынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» қолдауымен түсірілген.
«Фильмнің түсіру жұмыстары былтыр күзде басталған. Бір айдан көп уақыт шамасында, оның дайындығын қосқанда, одан да көп уақыт кетті. Сценарийі бар, кәсіби мамандардан құралған шығармашылық топ түсірді», – деді «Алғашқы Кітап» фильмінің жүргізушісі Қанат Тілеухан.
Ұлы ақынның мұрасын ұлықтаған іс-шараға мыңдаған алматылық қатысты. Көрермендердің сөзінше, тарихи-танымдық фильмдерді көпшілікке қолжетімді форматта көрсету – Абай мұрасын жаңа буынға танытудың тиімді жолы.
«Қаншама ғылыми еңбек шығып жатыр, бірақ Абайдың алғашқы кітабы туралы жарық көрген фильм өте қатты ұнады. Бұл жерде жалаң сөзбен ғана емес, кәдімгі архивтік қазыналарға мән беріп, соны ары қарай жүзеге асыруда үлкен ізденістің барын көрдік», – деді Н. Тілендиев мемориалды музейінің ғылыми қызметкері Нұрмұхан Шаймерденов.
«Фильмді толықтай қарап шықтық. Өзіме қатты ұнады. Осындай қазақи фильмдерді ашық аспан астында көрсету – жаңа тренд, өте құнды фильм деп есептеймін. Маған ұнады», – деді қала тұрғыны Қанат Қыдырбек.
«Фильмді көруге келдік, қатты ұнады. Егер де осындай шара жиі өтіп тұрса, жастарға ұлы тұлғаларымызды тануға үлкен сеп болар еді», – деді қала тұрғыны Дамира Нұрболат.
Өте қызықты түсірілген, мазмұнды-мағыналы «Алғашқы кітап» фильмі – бір ғана басылымның тарихын емес, Абай мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолындағы азаматтардың еңбегін көрсететін туынды.
Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толды. Қалада мәдени іс-шаралар бірнеше күн бойы жалғасын таппақ.
Диана Тұрлыбек, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Алматыда Абай ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті