Биылғы Кеншілер күні ел тарихында қалатын ауқымды мерекелік шарамен есте қалды
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей барша кеншілерді, сала ардагерлері мен кеншілер әулеттерін кәсіби мерекелерімен құттықтады,деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол кен өндіру саласы еліміздің экономикалық дамуы мен өндірістік қуатының берік негіздерінің бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, кеншілердің еңбегі қашанда табандылықтың, ерлік пен қажыр-қайраттың жарқын үлгісі саналады.
Биылғы Кеншілер күні ел тарихында қалатын ауқымды мерекелік шарамен есте қалды. Қарағандыда өткен концертке бір алаңда 250 мың көрермен жиналды. Мұндай ауқымдағы концерт Қазақстанда бұрын-соңды ұйымдастырылмаған. Мерекелік іс-шараға еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ Ұлыбритания, Италия, Испания, Моңғолия және ТМД елдерінен қонақтар келді.
Іс-шараны өткізу үшін бес гектардан астам аумақ бөлініп, арнайы алаң жабдықталды. Қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында концерт алаңы төрт секторға бөлініп, жедел қызметтердің еркін қозғалуына арналған арнайы жолақтар қарастырылды. Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп, жағдай әуеден де бақыланды.
Көлік қозғалысы, медициналық көмек көрсету, полиция мен құтқарушылардың, еріктілер және коммуналдық қызметтердің жұмысы алдын ала жан-жақты пысықталды.
«250 мың адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік. Осыншама көрермен қатысқан мерекенің жоғары деңгейде әрі ұйымшылдықпен өтуі – көптеген мекемелер мен мамандардың бірлескен еңбегінің нәтижесі», – деді Әлібек Әлденей.
Облыс әкімінің орынбасары Кеншілер күнін жоғары деңгейде өткізуге зор үлес қосқан Qarmet компаниясына алғыс білдірді.
«Кеншілер күні – күнтізбедегі кезекті мереке ғана емес. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуіне маңдай терін төгіп, жер қойнауындағы байлықты халық игілігіне жаратып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсететін ерекше күн», – деп атап өтті ол.
Әлібек Әлденей концерттік бағдарламаны ұйымдастырған продюсерлік орталықтың да кәсіби еңбегін де ерекше атап өтті. Сонымен қатар ол тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз еткен полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан сарбаздарына, құтқарушыларға, дәрігерлерге, коммуналдық және көлік қызметкерлеріне, еріктілер мен техникалық мамандарға ризашылығын білдірді.
Оның айтуынша, бірнеше сағатқа созылған ауқымды мерекенің артында бірнеше айлық дайындық пен жүздеген адамның тынымсыз еңбегі тұр.
«Барша кеншілерді, сала ардагерлерін және кеншілер әулеттерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Жер қойнауындағы байлықты ел игілігіне жаратып жүрген адал еңбектеріңіз – Қазақстанның қуаты мен берік тірегі!» – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Оқи отырыңыз: 30 тамызда Қазақстанда Шахтер күні аталып өтуде