Экологтар Атырауда тұрғындар арасындағы аллергияның өршуі қалыпты жағдайға айналғанын айтты
Елімізде әрбір бесінші адам аллергияға шалдыққан. Күзде бұл тіптен үдеп кетеді. Аллергияның таралуына көбіне иммунитеттің әлсіреуі мен тұрмыстық зиянды заттарды көп қолдану әсер етеді. Тағы бір проблема – экология, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күз – аллергияның өршитін шағы. Атыраулық Динара Орынтай 13 жылдан бері маусымдық аурудан арыла алмай келеді. Оның сөзінше, климаттың құрғақ болуы, жасыл желектердің аздығы адам ағзасына залал келтіреді. Оның айтуынша, экологияны жақсарту арқылы аллергияны тоқтатуға болады.
«Соңғы екі жылда аллергия өршіп, басым айналып, кейде құсамыз, кейде таңертең мұрын бітеледі. Бұл – экологиялық апатқа байланысты фактор. Бұл жерде қасірет деп айтуға болады. Өйткені, Атырау өңірінде шектен тыс көмірсулар бөлінеді. Ауаны ластайды. Ол тек Атыраудың мәселесі емес, бүкіл қазақ елінің мәселесі деп айтуға болады. Өйткені, Қазақстанның әр аймағынан келіп жұмыс істеп жатқандар бар», – деді қала тұрғыны Динара Орынтай.
Дәрігердің айтуынша, аллергияны толық жою қиын, бірақ оның белгілерін бақылап, алдын алуға болады. Әсіресе, түрлі шөптермен шаң-тозаңдардан сақтану қажет. Бұған қоса, аллергия белгілерін өздігінен емдеуге тырыспай, нақты себебін анықтау үшін аллергологқа қаралу керек. Қазір қаладағы бір емхананың өзіне күніне 30-дан аса адам ем іздеп келеді.
«Ол үшін ең алдымен аллергия қоздыратын факторлардан аулақ болған жөн. Ал ұзақ уақыт қайталанатын немесе айқын белгілер кезінде дәрігердің бақылауында болған жөн. Ең алдымен дәрігерге қаралу керек. Өйткені, біз қандай нәрсеге аллергия бар екенін анықтауымыз керек. Шөптерге ме, мүмкін шаң-тозаңдарға ма? Бірінші антиденені табуымыз керек», – деді жалпы тәжірибелік дәрігер Бекзада Қайырова.
Ал экологтар тұрғындар арасындағы аллергияның өршуі қалыпты жағдайға айналғанын айтты. Атыраудағы маусымдық аурудың бірден бір себебі - ауаға тараған зиянды қалдықтар мен жасыл желектердің аздығы.
«Аллергия экологиялық мәселемен тіке байланысты. Жауын шашынның аздығы, шаң-тозаң, жасыл желектердің төмен деңгейде болуы, үлкен зауыттар тікелей адамның тыныс алу мүшесіне әсер етеді», – деді эколог Бексұлтан Рамазан.
Аллергияны анықтау ұзақ уақытты қажет етеді. Ал оны емдемесе, басқа ауруларды асқындыруы әбден мүмкін.
Мамандар тұрғындарға қолды жиі жуып, түрлі дәрумендерге бай витаминдерді ішіп, дер кезінде дәрігер кеңесіне құлақ түруге кеңес берді.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Алматыда 9 қазаннан бастап тұрғын үйлерге жылу беріледі