Алма баққа бөлінген миллиондарды жымқырған: экс-басшы қамауға алынды

31.10.2025 16:17

Ауыл шаруашылығын қолдау қорының бұрынғы төрағасы 430 млн теңге шығын келтірді деген күдікке ілінді

 

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының бұрынғы төрағасы қамауға алынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдалана отырып, алма бақтарын салуға бөлінген бюджет қаражатын иемденген. Сөйтіп, жабдықтардың құнын негізсіз көтеру арқылы ұрлық жасады деген күдікке ілінген.

Қитұрқы әрекетін іске асыру үшін компаниясы бар танысын іске тартқан. Ал ол болса, туыстары мен таныстарының атына 20-ға жуық жалған компания ашып, жалған құжаттар әзірлеп, қорға 1,4 миллиард теңге лизинг алуға өтінімдер берген. Қор өтінімдерді мақұлдаған. Қаражаттың бір бөлігі кәсіпорындардың есепшотына аударылған соң, ақшаны қолма-қол алып отырыпты.

Соның салдарынан мемлекетке 430 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.  

«Акционерлік қоғамның бұрынғы төрағасы 2 ай мерзімге қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Бұған қоса, осы іс бойынша Қордың бұрынғы басқарушы директоры Искаков пен «Green Mart Kazakhstan» ЖШС басшысы Сазынбек 8 жылға бас бостандығынан айырылып, 4 автокөлігі тәркіленді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ», - деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отырыңыз: Жетісу облысында 500-ге жуық көлікті заңсыз тіркеген қылмыстық топ мүшесі елге қайтарылды