Almaty AI Education: цифрлық шешімдер мектепті қалай өзгертеді

05.05.2026 16:58

Форум аясында білім беру жүйесін цифрландырудың нақты экономикалық пайдасы мен жаңа жобалары таныстырылды

«Almaty AI Education» форумы басты назарды ұстаздардың еңбегін жеңілдетуге аударды. Онда таныстырылған AI-ассистенттер, соның ішінде Synapp.online және AI gul нейрожелілері мұғалімдерді күнделікті техникалық жұмыстан, атап айтқанда қағазбастылық пен есеп беруден босатуға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл технологиялар педагогтардың уақытын үнемдеп, оқушымен шығармашылық жұмысты шыңдауға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жасанды интеллект құралдарын қолданатын мұғалімдер аптасына орта есеппен 6-7 сағат уақыт үнемдейді. Форум қатысушыларының 82 пайыздан астамы бұл инновациялардың оқу процесінің сапасына оң әсерін тигізетінін растап отыр.

«Компьютердің даму тарихында бесінші ұрпағы жасанды интеллект деп түсіндіретінбіз. Қазір біз оған өзіміздің қалай жеткенімізді білмей қалдық. Бір жыл бойы күнделікті өмірімде пайдаланып жүрген қолданбалар жайлы айтамын», – деді № 216 жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлназ Тұңғышбаева.

Форум аясында білім беру жүйесін цифрландырудың нақты экономикалық пайдасы мен жаңа жобалары таныстырылды.  eData.kz платформасының арқасында салаға жылына 17 миллионнан 123 миллион теңгеге дейін бюджет қаражатын үнемдеу мүмкіндігі туған. Сонымен қатар book.careerhub.kz сандық кітапханасы іске қосылып, оқушыларға 6500-ден астам кітап пен 16 000 интерактивті ойынға қолжетімділік берілді. Бұған қоса, форумда қаладағы мектеп кітапханаларын заманауи медиа-хабтарға айналдыру және STEM лабораторияларын дамыту жоспары талқыланды.

«Біз мектептер мен колледж басшылары арасында ауқымды конкурс ұйымдастырдық. Оған 186 білім беру ұйымының басшысы қатысты. Қатысушылардың негізгі міндеті - күнделікті жұмыс процестерін жасанды интеллект құралдары арқылы барынша цифрландыру және нақты нәтиже ұсыну болды. Бұл шешімдердің жұмыс уақыты мен жүктемені қаншалықты қысқартқаны, сондай-ақ оқушылардың оқу процесіне деген қызығушылығы мен белсенділігін қалай арттырғаны бағаланды», – деді жоба жетекшісі Санжар Кенжехан.

Оқи отырыңыз: Алматыда білім беру ұйымдарының үздік тәжірибелері таныстырылды