Шаһардың ең көрікті көшелерімен безендірілген мерекелік автобус жүріп өтіп, әуезді ән шырқап, қала тұрғындары мен қонақтарын қуанышқа бөледі
Оңтүстік Астанада қала күні қарсаңында «Алматы аялдамасы» атты ерекше көшпелі концерт өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматылықтар қала күнін тойлауды бастап кетті. Өздеріңіз көріп тұрғандай Алатау дәстүрлі өнер театры дәл осындай безендірілген автобуста ән әуелетіп, күй күмбірлетуде. Бұл кептелісте тұрған көлік жүргізушілеріне тамаша көңіл күй сыйлауда.
Бұл мерекелік атмосфераны алматылықтар ерекше ықыласпен қабылдады. Әуенге әсерленген жұрт көліктерінің дабылын қосып, шаттықпен қол бұлғап, тіпті кейбірі билей жөнелді. Қала көшелерінде қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күйдің лебі есіп, Алматының мерекелік ажарын айшықтай түсті.
«Алатау дәстүрлі өнер театрының қызметкерлерінің ұсынысын қала әкімшілігі қолдады. Алматының әдемі жерлерін, көшелерін аралап, алматылықтарды және қала қонақтарының көңіл күйін көтеріп жүрміз», – деді Алатау дәстүрлі өнер театрының дәстүрлі әншісі Алма Аманжолова.
Алатау дәстүрлі өнер театрының майталман әртістері шаһардың адам көп шоғырланған төрт аймағында ерекше концерт қойды. 20-ға жуық дәстүрлі өнердің саңлағы ашық аспан астында күмбірлі күй мен сырлы әуенді үйлестіріп, өнерін паш етті.
«Әсем қаламыз – махаббаттың ордасы, өнердің ордасы. Алатау дәстүрлі өнер театры әртістері болып автобуспен қала аялдамаларын аралап, концерт беріп жатырмыз. Әрине бұған мұрындық Алматы қалалық мәдениет басқармасы. Алғыс айтамыз!» – деді Алатау дәстүрлі өнер театрының дәстүрлі әншісі Нұрболат Исаев.
«Өте ұнады. Қазақи нақышта концерт көп болса дейміз. Қала күні құтты болсын! Өзім де қазақи нақышта киім кигім келіп, ерекше сезімде тұрмын», – деді қала тұрғыны Шолпан Ізбасарова.
Айта кетейік, Алматыда қала күні жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде сән-салтанатпен аталып өтеді. Осы дәстүрге сай биыл да шаһардың әр түкпірінде түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, көшелер шаттық пен әсем әуенге толады.
Мәди Мәлік. Жақсылық Тілепберген.
Оқи отырыңыз: Алматыда қала құрылысының жаңа бағыттары талқыланды