Алматы дәрігерлері науқасқа екінші өмір сыйлады

16.06.2026 13:53

Жедел жәрдем бригадасы дереу реанимациялық шараларды бастап, жүрек қызметін қалпына келтірді

Алматы қаласының №7 Қалалық клиникалық ауруханасының баспасөз қызметі

«Сіздер менің жұбайыма екінші өмір сыйладыңыздар». Науқастың жұбайы жедел медициналық жәрдем қызметі мен Алматы қаласының №7 Қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлеріне алғыс білдірді. Олар ең қиын сәтте оның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасыны сілтеме жасап.

Науқасты құтқаруға жедел медициналық жәрдем дәрігері Сейіл Алмабеков, сондай-ақ №7 ҚКБ мамандары — интервенциялық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Сакен Анартаев, интервенциялық кардиологтар Данияр Қайралиев, Мұхтар Нұрақбай және реанимация бөлімінің дәрігерлері қатысты.

Барлығы «103» қызметіне түскен шақыртудан басталды. Ер адам кеуде тұсының ауырсынуына және жайсыздыққа шағымданған. ЭКГ-да айқын өзгерістердің болмауына және науқастың жағдайы тұрақты болғанына қарамастан, жедел жәрдем дәрігері Сейіл Алмабеков жедел коронарлық синдромға күмәнданып, шұғыл түрде ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдады.

Тасымалдау барысында науқастың жағдайы күрт нашарлап, жүрек тоқтауы орын алды. Жедел жәрдем бригадасы дереу реанимациялық шараларды бастап, жүрек қызметін қалпына келтірді.

Науқас шұғыл түрде №7 ҚКБ-ға жеткізілді. Мұнда дәрігерлер ауыр көптамырлы коронарлық артериялардың зақымдануы аясында жедел миокард инфарктін анықтады. Интервенциялық кардиологтар жедел араласу жүргізіп, зақымданған тамырдағы қан ағымын қалпына келтірді.

Кейінгі ем бірнеше кезеңде жалғасты. Мамандардың кәсібилігінің, заманауи технологиялардың және дұрыс таңдалған ем тактикасының арқасында жүректің қанмен қамтамасыз етілуі толық қалпына келтіріліп, науқас қалыпты өмірге қайта оралды.

Оқи отырыңыз: Алматы дәрігерлері 9-қабаттан құлаған қыздың өмірін сақтап қалды