Алматы қалалық кардиология орталығында алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалды

24.11.2025 18:11

Ауруы асқынып, дереу жүрек трансплантациясын қажет еткендіктен, науқас республикалық күту тізіміне енгізілген

Almaty.tv

Алматы қалалық кардиологиялық орталығында алғаш рет жүрек ауыстыру отасы жасалды. Терминалдық кезеңдегі созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан 34 жастағы ер азаматқа донордың жүрегі салынды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ауруы асқынып, дереу жүрек трансплантациясын қажет еткендіктен, науқас республикалық күту тізіміне енгізілген еді.

Артериялық гипертензияның ауыр түрімен ауырып, инсульт алған 50 жастағы әйел донор болды. Ол шұғыл түрде Алматының Орталық қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.

Дәрігерлер консилиумы оның мидың өлімін анықтап, қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа жарамдылығын растады. Туыстары келісім берген соң донорлық жүректі алу отасы басталды. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық жүрек ауыстырудың барлық кезеңін ұйымдастырды. 

Жүрек ауыстыру отасы бес сағаттан астам уақытқа созылып, ойдағыдай аяқталды. Оны Алматы қалалық кардиологиялық орталығы мен UMC корпоративтік қорының мамандарынан құралған кәсіби дәрігерлер жүргізді. Бұл күрделі отаға Қалалық жүрек орталығының директоры Ермағанбет Қуатбаев және UMC басқарма төрағасы, профессор Ю.В. Пя жетекшілік етті. UMC командасы ақпарат түскен бойда Алматыдағы әріптестеріне қолдау көрсету үшін жедел түрде ұшып келген.

Айта кетейік, осы айда Алматы қалалық кардиологиялық орталығы ресми түрде жүрек трансплантациясын жүргізуге құқылы медициналық ұйымдар тізіміне енгізілген болатын.

Юрий Владимирович Пя орталық ұжымын осы тарихи оқиғамен құттықтап, оның Алматыдағы кардиохирургияның жаңа кезеңге қадам басуына жол ашқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол донордың жақындарына көңіл айтып, олардың шешімінің басқа адамдардың өмірін сақтап қалғанына ерекше тоқталды.

Кардиологиялық орталықта барлық жағдай жасалған: жоғары білікті кардиологтар, кардиохирургтар, анестезиолог-реаниматологтар, перфузиологтар, ота жасауға қатысатын мейірбикелер жұмыс істейді. Диагностика мен емдеудің заманауи тәсілдері енгізілген, халықаралық стандарттарға сай жабдықтар орнатылған.
 
«Трансплантология бағдарламасына қосылу – пациенттердің өмірін ұзартуға, оның сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл тек медицинаның даму деңгейін емес, қоғамның да донорлық мәдениетке дайын екендігін көрсетеді», — деді Ермағамбет Қуатбаев.

Туыстарының келісімімен өзге донорлық ағзалар да пайдаланылды: донордың бүйректері Ұлттық ғылыми хирургия орталығына жөнелтіліп, біреуі 15 жастағы қыздың, екіншісі 30 жастағы әйелдің өмірін сақтап қалды. Екі көздің мүйізгек қабаты Орталық қалалық клиникалық ауруханада трансплантацияланды.

Бұл биыл Алматының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында тіркелген төртінші мультиорганды донор. 

Бірінші жағдай наурыз айында болып, екі бүйрек пен жүрек трансплантацияланған болатын.

Екінші жағдай маусым айында тіркелді. Донор бес пациенттің өмірін сақтап қалды: жүрек пен бүйрек, сондай-ақ екі мүйізгек қабаты трансплантацияланды, бұл кератопластика арқылы екі ота жасауға мүмкіндік берді.

Үшінші мультиорганды донорлық үдеріс қазан айында өтті. 1962 жылы туған әйелдің донорлығының арқасында алты пациент аман қалды. Оның жүрегі, бауыры, екі бүйрегі және көздің мүйізгек қабаттары әртүрлі жастағы науқастарға салынды.

Осылайша, биыл Орталық қалалық клиникалық ауруханада төрт мультиорганды донор тіркелді. Бұл игі істі ұйымдастыруда аурухананың стационарлық трансплантология үйлестірушісі Ғалымжан Пірмағамбетов зор үлес қосты. Ол донордың туыстарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, келісім алу мен барлық медициналық қызметтің өзара байланысын реттеп отырады.

Оқи отырыңыз: Инсульт алған науқас №7 қалалық ауруханада қалай сауықты