Алматы әкімі Әуезов ауданындағы қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту жұмыстарын тексерді

08.06.2026 18:19

Нысандарды аралау барысында Дархан Сатыбалды жергілікті тұрғындармен тілдесіп, олардың ұсыныс-пікірін тыңдады

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды кезекті жұмыс сапары аясында Әуезов ауданындағы қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv 

Шаһар басшысы алдымен Ақсай-4 шағынауданындағы абаттандырылған жаяу жүргіншілер аймағын аралады. Мұнда 445 ағаш пен бұта отырғызылып, балалар мен спорт алаңдары салынған. Сондай-ақ бейнебақылау жүйесі мен автоматты суару желісі іске қосылған. Артынша қала әкімі Алтын бесік шағынауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы шеңберінде қайта жаңғыртылып жатқан саябақтың құрылысымен танысты. Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолы, балалар және спорт алаңдары бой көтермек.

Нысандарды аралау барысында Дархан Сатыбалды жергілікті тұрғындармен тілдесіп, олардың ұсыныс-пікірін тыңдады. Көпшілік жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң бағасын бергенімен, аулаларды жөндеу, санитарлық тазалықты күшейту мәселелерін көтерді. Сапар қорытындысында Дархан Сатыбалды жауапты қызметтерге барлық жоспарланған жұмыстың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Мүмкідік болса, тұтас қала бірден әдемі болар еді. Қолдан келгенше рет-ретімен жасаймыз. Өйткені алматылықтар ең әдемі, ең әсем қалада тұруы керек», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі OpenAI компаниясымен жасанды интеллект пен қаланы цифрлық трансформациялау мәселесін талқылады