Алматы – Мәскеу бағытындағы пойыз жолға шықты

Depositphotos
Depositphotos

Алғашқы рейспен шамамен 40 жолаушы сапарға аттанды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

26 қазанда «Алматы – Мәскеу» бағытындағы пойыз жолға шығып, Қазақстан мен Ресей арасындағы тікелей теміржол қатынасы ресми түрде жанданды. Алғашқы рейспен шамамен 40 жолаушы сапарға аттанды. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа бағыттағы пойыз құрамына биыл отандық «ЗИКСТО» АҚ зауытында шығарылған заманауи жолаушылар вагондары енгізілді.

"Купе және плацкарт вагондары жетілдірілген дыбыс оқшаулау жүйелерімен, заманауи желдеткіш және санитарлық тораптармен жабдықталған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы вагондар қарастырылған. Құрамда 36 орындық бір купе вагоны және 52 орындық бір плацкарт вагоны бар", — делінген хабарламада.

«Алматы — Мәскеу» бағытындағы вагондар Саратов станциясына дейін № 7/8 «Алматы — Саратов» пойызының құрамында жүреді. Саратовта вагондар № 85/86 «Дербент — Мәскеу» пойызына тіркеліп, Ресей астанасына дейін жетеді. Алматы-2 станциясынан жөнелту уақыты — 20:20. 

Мәскеуден кері бағыттағы алғашқы пойыз 30 қазанда жолға шығады. Қозғалыс кестесіне сәйкес, 2025 жылғы 26–30 қазан аралығында пойыздар Алматы-2 станциясынан жұп күндері жөнелтіледі. 1 қарашадан 13 желтоқсанға дейін қозғалыс тақ күндері ұйымдастырылады.

Оқи отырыңыз: Астанада өндірістік цехтан ірі өрт шықты

Новости партнеров