Алматы метрополитенінің бекеттерінде концерт пен фотокөрме өтіп жатыр

23.03.2026 15:05
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Наурыз мейрамы аясында Алматы метрополитенінің бекеттерінде Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласы музейлер бірлестігінің ұйымдастырған фотокөрмелер ұсынылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көрмеге қойылған фотосуреттердің тақырыптық ауқымы кең — ұлттық ойындар, зергерлік бұйымдар, сондай-ақ Наурыз мерекесінің көріністері қамтылған.

Сонымен қатар, қазақша күрес, бәйге, арқан тарту секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар бейнеленген фотосуреттер де бар. 

Бекеттерде бір мезетте қаланың жетекші шығармашылық ұжымдары қатысқан концерттік бағдарламалар өтіп жатыр. Келушілер фотокөрмені тамашалап қана қоймай, ұлттық және заманауи әндерді тыңдап, домбыра мен басқа да дәстүрлі аспаптардың әуенін сезіне алады.

Метрополитен бекеттерінің бірінде 1980-жылдардың соңында Алматыда және республика қалаларында Наурыз мейрамының қайта жаңғырту кезеңін бейнелейтін фотокөрме де ұйымдастырылған.

Фотокөрме әр жастағы келушілердің қызығушылығын тудырып отыр. Солардың бірі Алматы мектептерінің бірінің 4-сынып оқушысы Нұралы Әлім.

"Бүгін мен Наурыз мейрамын тойлау дәстүрінің қашан және қалай қайта жанданғанын білдім. Фотосуреттер арқылы ұлттық дәстүрлер туралы көп мағлұмат алдым. Енді бұл туралы үйдегілерге және достарыма айтып беремін", – дейді оқушы.

"Наурыз мейрамы аясында метро бекеттерінде фотокөрмелер өткізу дәстүрге айналды. Биыл көрмелер таңғы сағат 9:00-ден кешкі 21:00-ге дейін жұмыс істейді. Олардың басты ерекшелігі, қолжетімділігінде. Жолаушылар күнделікті сапар барысында тарихи-мәдени мұрамен танысуға мүмкіндік алады. Келушілер тарапынан қызығушылық жоғары, көпшілігі оң пікір білдірді", – деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Құдайбергенқызы Сағындықова.

Метрополитен қызметкерлері де жолаушыларға көрме орналасқан орындарды көрсетіп, бағыт-бағдар беріп жүр.

"Бекеттерде көрмелер мен концерттер өткен кезде жолаушылардың да, біздің де көңіл күйіміз көтеріледі. Осындай іс-шаралардың арқасында Наурыз мейрамы биыл ерекше әсермен өтіп жатыр", – деді 15 жылдан астам уақыт «Метрополитен» КМК-да жұмыс істеп келе жатқан жолаушыларға қызмет көрсету кезекшісі Роза Нұрмашева.

Оқи отырыңңыз: Ар ма, Әз Наурыз: Ұлыстың Ұлы күні Алматыда дәстүрлі музыка концерті өтті