Кезекте тұрғандарды баспанамен қамту жұмыстары келер жылы да жалғасын таппақ
Алматы облысы Талғар қаласында 50 жанұя баспаналы болды. Жаңа пәтердің кілті тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топқа жататын жандарға берілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Баспаналы болуды ұзақ күткендердің бірі – 33 жастағы көпбалалы ана Майра Баймырзаева. Бастауыш сынып мұғалімі 8 жыл үй кезегінде тұрған. Үш бөлмелі пәтерге ие болған жанұяға әкімдік тарапынан сый-сыяпат та табысталды.
"Үйді 8 жыл күттік. 2016 жылы кезекке тұрдым. Ол кезде 4 бала болатын, қазір 6 балам бар. Үш бөлмелі пәтер алып отырмыз. Қуанышымызда шек жоқ"– деді көпбалалы ана Майра Баймырзаева.
Баспаналы болған 50 отбасына пәтерлер Талғар қаласынан берілді. Республикалық бюджет есебінен тұрғын үй салу мен сатып алуды қаржыландыру қағидаларына сәйкес жүргізілген жұмыстар аясында биыл аудан әкімдігі 100-ге жуық пәтерді үлестірмек. Бүгінде мұнда 10 мыңнан аса тұрғын үй кезегінде тұр.
"Бүгін пәтерлердің кілтін беріп жатырмыз. Келесі аптаға тағы да 47 баспананы тапсыруды жоспарлап отырмыз. Облыстан 150 пәтерге қаражат бөлініп жатыр.Тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуда. Келісімшарт жасап, қазір алғашқы төлемдерін төлейміз и наурызға дейін үйлерді өткізіп береді", – деді Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков.
Сондай-ақ әкімдіктің қолдауымен құрылысы аяқталуға жақын үйлер алдағы уақытта «Отбасы банкімен» тұрғындарға ипотекалық бағдарламалар арқылы ұсынылмақ. Ал кезекте тұрғандарды баспанамен қамту жұмыстары келер жылы да жалғасын таппақ.
Жансая Олжабек, Ернат Болатбек