Алматы облысында білім беру саласындағы құндылықтарды дамыту мәселесі талқыланды

30.03.2026 17:30

Жиын барысында қолданбалы жобаларға ерекше назар аударылды

Алматы облысында «Құндылыққа бағдар: ізденістен – өзгеріске» атты халықаралық семинар-практикум өтті, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Ұлттық мұраны жаңғыртуды мақсат еткен жиынға еліміздің жеті облысынан бөлек, АҚШ, Моңғолия және Түркия мемлекеттерінен келген педагогтер қатысты. Басқосуда 300-ге жуық маман құндылыққа бағдарланған білім беру тәсілдерін іске асыру мен жобалық менеджмент негізінде оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру жайын сөз етті. Қатысушылар бұл бастамаларды жуық арада мектеп бағдарламаларына енгізуді ұсынды.

«Біздің миссиямыздың өзі жобалық менеджмент негізінде оқу-тәрбие үрдісін тиімді басқару. Яғни, бұл жобалар арқылы біз өзіміздің өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға салт-дәстүрді дәріптеп, соны ары қарай жетілдіру, дамыту, ізденіп, өзгеріске алып келу деп санаймыз», – деді № 42 орта мектептің директоры Ғалия Құрманханқызы.

Жиын барысында қолданбалы жобаларға, соның ішінде әрбір пәнге тарих пен мәдениет элементтерін заманға сай енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Семинар соңында ұстаздар халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген іс-шараның кәсіби серпін сыйлағанын атап өтіп, арнайы сертификаттарға ие болды.

«Жалпы бүгінгі семинар-практикумның негізгі мақсаты – бүгінгі білім беру үрдісіне қойылып отырған үлкен талап ол – «Адал азамат - Біртұтас тәрбие» бағдарламасын сабаққа кіріктіру. Мінеки, дәл осы бағытта бүгінгі семинар-практикум екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде пленарлық жиын болды, екінші кезең төрт бағытта сегіз секция бойынша әрбір негізгі пәндерге қатысты жұмыс істеп жатыр», – деді Білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Гүлжихан Иманхатова.

Оқи отырыңыз: Алматылық нейрохирургтер 6 жасар баланың өмірін сақтап қалды