Жаңа нысан – өңірдегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты күшейтуге бағытталған маңызды жоба
Алматы облысында Достық үйінің іргетасы қаланды. Нысанның құрылысы Қонаев қаласында басталды. Бұл ғимаратты жергілікті ірі кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен жүзеге асырып отыр. Жаңа нысан – өңірдегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты күшейтуге бағытталған маңызды жоба, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Маңызды кездесуде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев пен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері ғимараттың іргетасына уақыт капсуласын салды. Іс-шараға облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер, ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
«Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасының аясында іске асып жатқан іс-шара. Ерекшелігі этно-мәдени бірлестіктер, бизнес өкілдері ниет білдіріп, осының іргетасын қаладық. Мақсат – күзде нысанды қолданысқа беру», – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Ғимарат екі қабаттан тұрады. Онда этномәдени бірлестіктерге арналған кабинеттер, 300 орындық мәжіліс залы мен 56 адамға арналған зал бар. Бұдан бөлек, нысанның алдына биіктігі 92 метр болатын Мемлекеттік ту орнатылады.
«Алматы облысы өте маңызды жоба. Бұл – бір ғимарат астында күш біріктіріп, ел үшін, жұмыс істеуге мүмкіндік», – деді Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Роза Әбілова.
Достық үйі Алматы облысы үшін маңызды нысандардың біріне айналмақ. Соңғы төрт жылда өңірге 3,7 триллион теңге қаражат беріліп, 930 миллиард теңгеден асатын 120 жоба іске асыпты. Соның нәтижесінде 14 мың жаңа жұмыс орны ашылған.
Айта кетейік, облыста жүзден астам этнос өкілдері бар. 34 этно-мәдени бірлестік, сондай-ақ аналар мен ақсақалдар кеңесі белсенді жұмыс істеп жатыр.
Айдана Шалқар, Хангелді Ахметхан, Алматы облысы