Алматы облысында кәсіби мереке қарсаңында бір топ құрылысшы марапатталды

07.08.2026 19:32

Басқосуға аймақ басшысы қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

Алматы облысында да аймақты өркендетіп, дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген құрылыс саласының мамандары марапатталды. Кәсіби мереке қарсаңында өңір басшысы азаматтарды әкімдікке арнайы шақырып, құрылысшылар күнімен құттықтады. Әуелі оларға жүрекжарды лебізін білдіріп, төсбелгілермен марапаттап, «Құрмет» грамотасы және алғысхаттарын табыстады, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Салтанатты жиын Алматы облысында ерен еңбек етіп жүрген құрылысшылардың жұмысы мен өңірдің сәулеттік келбетін айшықтайтын бейнероликтен басталды. Басқосуға аймақ басшысы қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде құрылыс саласы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Іс-шара саналы ғұмырын ғимарат салуға арнаған майталмандарды марапаттаумен жалғасты.

Облыс әкімі аймақты дамытуға қосқан көпжылғы еңбегі мен сүбелі үлесі үшін 29 азаматты марапаттады. Олардың үшеуіне «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі берілсе, 17 азамат «Құрмет» грамотасын алды. Сондай-ақ 9 маманға өңір басшысының алғысхаты табысталды.

«Қонаев қаласында марапаттау күні болды. Алатау қаласы су құбырында техникалық бақылау ісін 20 жылдан аса атқарып келем. Тек алға ұмтылып, еліміз өркендеп, Қазақстанда жақсылық болсын! Рақмет!» – деді құрылыс саласының маманы Берік Белтаев.  

Салтанатты жиында сала ардагерлеріне де құрмет көрсетілді. Құрылыс майталмандары басқосуда сөз алып, естеліктерін еске алды. Сондай-ақ айтулы мерекемен құттықтап, әріптестеріне толағай табыс тіледі.

«Құрылыс мамандығы – құдіретті мамандық. Еліне, халқына жақсылық әкелетін мамандық. Құрылыс көп болса, дүние көп, адам баласы өмірде бақытты. Сондықтан мен 57 жыл құрылыс жасап келемін. Жасым 91-де. Құрылысшыларға бақыт, жұмыста табыс тілеймін! Құрылыс жасау оңай іс емес, барлығына көну керек», – деді сала ардагері Стақан Белғожаев.

 Басқосу мерекелік концертпен жалғасты. Рухты әндер шырқалып, көңіл көтерер әуендер төгілді.

Айта кетейік, Алматы облысында құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Облыс әкімінің сөзінше, мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асып, әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Сондай-ақ аймақта тұрғын үй қорын көбейту ісіне көңіл бөлінген.

Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген, Алматы облысынан

Толық көрсету